Қазақстанда ветеринарлардың жалақысы 500 мың теңгеге дейін өсірілмек

Қазақстанда ветеринар мамандардың орташа жалақысы қазіргі 220 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаты Серік Егізбаев ветеринария мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылауға арналған арнайы брифингте айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, ауылдық жерлерде ветеринар мамандар жетіспейді. Сондықтан жаңа заң жобасында олардың еңбек жағдайын жақсартуға және қосымша әлеуметтік қолдау көрсетуге басымдық берілген.
"Қазіргі таңда ветеринар мамандардың орташа жалақысы 220 мың теңгені құрайды. Заң қабылданған жағдайда оны 500 мың теңгеге дейін көтеруді болжап отырмыз. Оның ішінде қосымша төлемақылар да бар. Бұл мамандарға едәуір көмек болады деп ойлаймыз", – деді Серік Егізбаев.
Сонымен қатар ғылыми дәрежесі бар ветеринарларға қосымша ақы төлеу көзделген. Мәселен, ғылым кандидаттарына ай сайын 17 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 73 мың теңге, ал ғылым докторларына 34 АЕК немесе 143 мың теңге көлемінде үстемеақы берілмек.

Бұдан бөлек, ветеринарларды арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Депутаттың сөзінше, жазғы жұмыс киімінің бағасы 70–80 мың теңге болса, қысқы киім шамамен 200 мың теңге тұрады. Қазір мамандар бұл киімдерді өз ақшасына сатып алады. Енді арнайы киімге бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлу қарастырылып отыр. Серік Егізбаев бұл өзгерістер жастардың ветеринария саласына қызығушылығын арттырады деп есептейді.
Еске салсақ, Құрылтай депутаттары ветеринария мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта ветеринарлардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, ет өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауды күшейту және малға арналған дәрілердің сапасын қадағалау көзделген.