"Бір мықты мені сызып тастапты": Меруерт Түсіпбаева мемлекеттік марапатқа қатысты өкпесін айтты
Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева 55 жас мерейтойына орай мемлекеттік орденге ұсынылғанын, алайда кейін марапатталатындар тізімінен алынып тасталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, кейінгі уақытта өнер адамдарына беріліп жатқан мемлекеттік марапаттарға қатысты өзіне көп сұрақ қойылғанын жеткізді. Ол атақ пен орденнің кімге берілетінін шешетін адамдарға қатысты ойын жасырмады.
“Жақында жаңбырдай жауған атақтар туралы маған көп сұрақ келді. “Қазаншының еркі бар” – менің жауабым. 23 жастағы қыз “Ерен еңбегі үшін” медалін алса...”, – деп жазды әнші.
Меруерт Түсіпбаева өзінің 2014 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алғанын еске салды. Оның сөзінше, сол кезеңде “Халық әртісі” атағы берілмегендіктен, “Еңбек сіңірген қайраткер” мәртебесінің салмағы жоғары болған.

Өнер иесі биыл 55 жасқа толуына байланысты мемлекеттік орденге ұсынылғанын, бірақ белгісіз себеппен тізімнен шығарылғанын айтты.
“Жақында 55 жас мерейтойыма орденге ұсынылып едім. “Лайықсыз” деп мені бір мықты сызып тастапты. Ештеңе етпейді, иә? Сіз қалай ойлайсыз? Мені қолдасаңыз, бөлісіңіз. Бүгін мен осы видеомен мені сызып тастаған адамға жауап бердім!” – деді әнші.
Дегенмен Меруерт Түсіпбаева өзін марапат тізімінен нақты кім алып тастағанын ашып айтпады.
Өнер иесінің жазбасы әлеуметтік желіде талқыланып, оқырмандар арасында түрлі пікір тудырды. Бірі әншіге қолдау білдірсе, енді бірі кейінгі жылдары мемлекеттік марапаттардың қадірі мен оларды тағайындау тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салған.
“Марапаттардың құны кетті-ау! Қазір қадірі де, мағынасы да қалмағандай. Біреулер қайраткер атағын алып жатыр. Ал Лида апамыз бұл атаққа енді ғана ие болды. Нүкетай Мышбаева болса, атақ алмадым деп ренжіген емес”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Еске салайық, бұған дейін Республика күні қарсаңында бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталғаны хабарланған еді.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып, ауруханаға түсті