Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы Теміртаудағы трамвайға мініп көрді

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауда трамвай қатынасын қайта жандандыру қаланың дамуы үшін маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы “Qarmet” АҚ басшылығымен әңгімелесу кезінде қаладағы оң өзгерістерге тоқталып, әлі де атқарылатын жұмыс көп екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президенттің айтуынша, трамвай Теміртау үшін жай ғана көлік емес, қаланың тарихы мен бүгінін байланыстыратын маңызды нысан.

“Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы”, – деді Тоқаев. 

Оған қоса Тоқаев Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілгенін де жеткізді.  

“Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіріп жатыр. Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз”, – деді Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барып, Анкарада Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Келіссөз барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 14:48