Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Mycar.kz жүрілген көліктер нарығын қалай өзгертіп жатыр?

my car 11

31 қазанда Алматыда Қазақстан автокөлік өндірушілерінің қауымдастығы (ҚАО) жыл сайын ұйымдастыратын AutoConf’2 екінші салалық конференциясы өтті. Іс-шара көлік сатып алып, қайта сатумен айналысатын 800-ден астам кәсіби маманның, автодилерлер мен автокөлік саудасына арналған онлайн-платформа өкілдерінің басын қосты. Конференцияда қазақстандықтарға тексерілген көліктерді қауіпсіз сатып алуға және жүрілген автокөліктерді тиімдірек сатуға көмектесетін құралдарды дамыту мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды.

Конференция барысында Mycar.kz автокөліктерді тексеруге арналған жаңартылған құралдары мен сауда-саттыққа қатысудың жаңа ережелерін таныстырды. Сондай-ақ сатып алушыларға көліктің тарихын алдын ала білуге, оның заңдық тұрғыдан еш кедергісі жоқ екеніне көз жеткізуге және сатып алу кезінде туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін сервистерге ерекше назар аударылды.

Көлікті сатып алмас бұрын тексеру

Осындай құралдардың бірі – ҚАО бастамасымен әзірленген Autocheck.kz сервисі. Ол 31 дереккөзден алынған ақпарат негізінде көлікті бірнеше минут ішінде 70-тен астам көрсеткіш бойынша тексеруге мүмкіндік береді.

Сатып алушылар көліктің жүріп өткен қашықтығы, жол-көлік оқиғаларына қатысы, бұрынғы иелері, техникалық қызмет көрсету тарихы және оған қойылған ықтимал шектеулер туралы ақпаратпен алдын ала таныса алады. Мұндай тексеру көлікке қатысты тәуекелдерді анықтауға, ондағы мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізуге және сатып алу туралы неғұрлым негізді шешім қабылдауға көмектеседі.

Autocheck.kz есептері Mycar.kz платформасындағы аукциондық лоттардың деректеріне де тікелей енгізілген. Осылайша, саудаға қатысушылар өтінім бермес бұрын-ақ көліктің тарихымен таныса алады. Бұл мәмілелердің ашықтығын арттырып, сатып алушыларға тарихы тексерілген көліктерді таңдауға көмектеседі. 

Ашық сауда мен кепілдендірілген мәмілелер

Mycar.kz көліктерді тексерумен қатар, аукционға қатысушыларды қорғау тетіктерін де дамытып келеді. Платформада кепілдендірілген лоттар ұсынылған. Бұл – дилерлік орталық көлік иесінен алдын ала сатып алған автокөліктер. Яғни, аукцион жеңімпазы көлікті сауда қорытындысы бойынша белгіленген соңғы бағамен сатып ала алатынына сенімді бола алады.

Сонымен қатар компания бағаны қолдан көтеруге және аукционға жосықсыз сатып алушылардың қатысуына жол бермеу үшін сауда ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп жатыр.

Аукцион жеңімпазы болғаннан кейін көлікті сатып алудан бас тартқаны, келісілген бағаны қайта қарауға тырысқаны және басқа да ережелерді бұзғаны үшін қатысушыларға ескерту жасалып, олардың платформаға кіру мүмкіндігі уақытша шектеледі. Ереже бірнеше рет бұзылған жағдайда, шектеу мерзімі ұзартылады. Ал платформаны айналып өтіп, одан тыс жерде сауда жасағандарға платформаға кіруге мерзімсіз тыйым салынады. Бұл шаралар сатушылар мен сауданы соңына дейін жеткізуге дайын, ережені сақтайтын сатып алушылардың мүддесін қорғауға бағытталған.

Mycar.kz аукционы: Сатушыларға арналған жаңа мүмкіндік 

2025 жылдың жазында іске қосылған Mycar.kz онлайн-аукционының танымалдығы артып келеді. Қосымшада күн сайын 200-ге жуық жаңа лот жарияланады. Оларды еліміздің түкпір-түкпірінен келген 3 500 белсенді кәсіби сатып алушылар қарайды. Орта есеппен көлік аукционға жарияланғаннан кейін 40 минут ішінде сатылады. Ал мәмілелердің басым бөлігі сол күні жасалады.

AutoConf’2 конференциясына қатысушыларға платформаның мүмкіндіктері алты көліктің қатысуымен өткен тікелей аукцион барысында көрсетілді.

Енді қазақстандықтар көлігін Mycar.kz хабарландырулар бөлімінде сатуға ұсынып қана қоймай, оны белсенді сатып алушылар өзара бәсекеге түсетін аукционға да шығара алады.

Бұл тәсіл сатып алушыны тезірек табуға және көлікті әр сатып алушыға жеке-жеке көрсетіп, уақыт жоғалтпауға мүмкіндік береді. Қыркүйек айының өзінде жеке тұлғалар аукцион арқылы 452 көлік сатқан. Олардың шамамен 70%-ы көлігін сатқан соң, басқасын сатып алған.

Көлік иелері үшін комиссия арқылы сату қызметі де қолжетімді. Бұл жағдайда иесі автокөлігін дилерлік орталыққа тапсырып, өзі қалаған бағасын белгілейді. Көлік сатылғаннан кейін ақшасын алады.

Көліктердің тарихын тексеру, аукцион, хабарландырулар сервисі, кепілдендірілген лоттар және комиссия арқылы сату қызметтерін бір платформаға біріктірген Mycar.kz автокөлік нарығына қатысушыларға арналған бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырып отыр.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл құралдарды дамытудың басты мақсаты – жүрілген көліктерді сатып алу қауіпсіздігін арттырып, оларды сату үдерісін барынша ашық әрі тиімді ету.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 15:28