"Бір құлағым естімей қалды": Актер Ерболат Әлқожа түсірілім кезінде ауыр жарақат алды
Қазақстандық актер Ерболат Әлқожа түсірілім алаңында жарақат алып, бір құлағының есту қабілетінен айырылғанын мәлімдеді. Қазір өнер иесі Қырғызстанда ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актер денсаулығына алаңдап, хабарласып жатқан жанкүйерлеріне әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы үн қатты. Ол жарақатты кино түсірілімі кезінде алғанын айтып, қазір жағдайы туралы бөлісті.
“Мен үшін уайымдап, жылы лебіздерін білдіріп жатқан барлық оқырманыма алғысым шексіз. Рақмет сіздерге! Бұл – түсірілімде болған жарақат. Мына құлағым мүлде естімей қалды. Қырғызстанның мықты дәрігерлері емдеп жатыр. Қырғыз бауырларымызға көп алғыс”, – деді актер.
Өнер иесінің жағдайын естіген қазақстандықтар алаңдаушылық білдіріп, тезірек сауығып кетуіне тілектестік танытқан. Тіпті кейбірі ем-домына қаржылай көмек көрсетуге ниет білдірген.
Алайда Ерболат Әлқожа көпшіліктің көмегінен бас тартып, жанашырлық танытқандарының өзі үлкен қолдау болғанын жеткізді.
“Мен үшін уайымдағандарыңыздың өзі ем болды. Өзімді жақсы сезініп қалдым. Өзіңнің біреуге керек екеніңді сезінгеннің өзі – бақыт”, – деді өнер иесі.
Айта кетейік, бұған дейін Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығы сыр бергені хабарланған еді. Өнер иесі сол күні Шымкентте өтетін ән кешіне баруы керек болғанын, алайда жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты ауруханаға жеткізілгенін жазды.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып, ауруханаға түсті
