Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Емдеу процесіне қатыспадым": Ақтауда ер адам шабуыл жасаған дәрігер өз шындығын айтты

дәрігер бала ер адам шабуыл
Фото: Видеодан скрин

Облыстық балалар ауруханасында өзіне шабуылдан жасалғаннан кейін дәрігер Исмаил Қанат өз нұсқасын баяндады. Оның айтуынша, ол баланы жұмыс ауысымының соңында қарап, қажетті тексерулерді тағайындаған. Дәрігер медицинада әр шешімнің медициналық көрсетілімдер мен бекітілген хаттамаларға сай қабылданатынын еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер Азамат Сәрсенбаев дәрігердің өзімен тілдесіп, жағдайдың қалай болғанын сұрап-білді. Облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейтін 20 жылдан астам тәжірибесі бар хирург Исмаил Қанат өзіне қатысты айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, ол баланы алғаш рет 19-ы күні сағат 16:51-де, жұмыс ауысымының аяқталуына аз уақыт қалғанда қабылдаған. Дәрігер қажетті тексерулерді тағайындап, науқасты келесі ауысымдағы кезекші мамандарға тапсырған.

“Содан кейін баланы қайта көрмедім және одан әрі емдеу процесіне қатыспадым. Сондықтан менің балаға аппендицит диагнозын қойып, кейінгі отаға қатысқан деп айыптау шындыққа жанаспайды. Бала ауруханаға екінші рет жүгінгенде де қажетті тексерулер жедел жүргізілген. Шамамен 30 минут ішінде талдаулар алынып, рентген жасаллы”, – дейді дәрігер.

Хирург науқастың жағдайын түсіндіріп, отадан кейін басқа да, соның ішінде хирургиялық емес аурулар болуы мүмкін екенін айтпақ болған. Алайда дәл осы кезде баланың әкесі оған шабуыл жасағанын мәлімдеді. Дәрігер онымен жанжалдаспағанын және әңгіме барысында дау туындамағанын атап өтті.

Исмаил Қанат медицина қызметкерлері әр науқасты бірден отаға жібере алмайтынын түсіндірді. Оның сөзінше, алдымен баланың жағдайы толық тексеріліп, хирургиялық араласуға нақты көрсетілім бар-жоғы анықталуы керек.

"20 жылдан астам уақыт бойы балаларға көмектесіп келеміз. Күндіз-түні жұмыс істейміз, кейде ауруханада тәуліктеп қаламыз. Осындай жағдайдан кейін жұмыс істеуге деген ынтаң да төмендейді. Еңбегің мен біліміңді бір соққымен жоққа шығарғандай болады", – деді хирург.

Ол дәрігерлердің де жеке мәселелері бар екенін, әрдайым науқастарға күлімдеп, психолог бола алмайтынын айтты. Дегенмен өз міндеттерін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамалар мен заң талаптарына сай атқаруға тырысатынын жеткізді.

Еске салайық, Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде баласын тексерткен ер адам дәрігерге шабуыл жасап, оны мойнынан қылқындыра ұстаған. Баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім болмаған. Алайда баланың әкесі аяқпен үстелді теуіп, кенеттен дәрігерге тап берген. Оны бірнеше адам әрең дегенде медицина қызметкерінен ажыратқан.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 16:09