Мәслихат сайлауы өтіп, электр тарифі өседі: Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді
Қарашада қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Шетелдіктердің елге кіру тәртібі жаңарып, салық берешегі бар компанияларға шектеу қойылады. Шекарада жүк тасымалдаушылардан кепілдік жарна талап етіліп, электр энергиясын пайдалану ережелері өзгереді. Бұған қоса, мәслихат сайлауы өтіп, жаңа стандарттар енгізіледі. Stan.kz қарашада ел өміріне әсер ететін өзгерістерді зерттеп көрді.
Қазақстанға кіретін шетелдіктерге жаңа талап қойылады: QazETA рұқсатын кімдер рәсімдеуі керек?
1 қарашадан бастап Қазақстанға визасыз кіретін 85 елдің азаматтары үшін QazETA электронды рұқсат беру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Жаңа тәртіп әзірге бірнеше әуежай мен шекара бекетінде қолданыла бастайды.
Алғашқы кезеңде жүйе Ақтау халықаралық әуежайында және төрт автомобиль өткізу бекетінде іске қосылады.
Олар:
- Павлодар облысындағы "Үрлітөбе”;
- Жамбыл облысындағы "Аухатты”;
- Түркістан облысындағы "Атамекен”;
- Жетісу облысындағы "Нұрлы жол" бекеттері.
Алайда 1 қарашадан бастап рұқсат алу міндетті болмайды. 2027 жылғы 30 маусымға дейін өтпелі кезең қарастырылған. Бұл уақытта QazETA құжатының болмауы шетелдік азаматты Қазақстанға кіргізбеуге негіз бола алмайды.

Рұқсатты QazETA мобильді қосымшасы арқылы тегін рәсімдеуге болады. Өтініш сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын тапсырылуы керек. Электронды құжат 180 күнтізбелік күнге жарамды болады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйе Астана мен Алматы әуежайларында, ал 1 наурыздан бастап қалған өткізу бекеттерінде енгізіледі. QazETA рұқсатын алу 2027 жылғы 1 шілдеден бастап міндетті болады.
Бұл талап 16 жасқа толмаған балаларға, 65 жастан асқан адамдарға, Қазақстанның қолданыстағы визасы немесе тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге қолданылмайды.
Қазақстандықтарды қандай салық төлемдері күтіп тұр
Қараша айында Қазақстандағы кәсіпкерлер мен компаниялар үшінші тоқсанның салық есептілігін тапсырып, міндетті төлемдерді аударуы керек. Мерзімді өткізіп алғандарға өсімпұл есептеліп, жауапкершілік шаралары қолданылуы мүмкін.
5 қарашаға дейін:
- Жеке практикамен айналысатын азаматтар қазан айы үшін жеке табыс салығын төлеуі керек.
10 қарашаға дейін:
- Арнайы салық режиміндегі шаруа және фермер қожалықтары жеке табыс салығы мен жерүсті су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жасауы қажет.
16 қарашаға дейін:
Үшінші тоқсан бойынша салық декларацияларын тапсыру керек. Олардың қатарында:
- 200.00 нысаны – жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық;
- 300.00 нысаны – қосылған құн салығы;
- 101.03 және 101.04 нысандары – корпоративтік табыс салығы;
- 400.00 нысаны – акциз;
- 701.01 нысаны – мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер;
- 710.00 нысаны – құмар ойын бизнесіне салынатын салық;
- 870.00 нысаны – қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем;
- 880.00 нысаны – цифрлық майнинг үшін төлем.
20 қарашаға дейін:
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауар әкелген кәсіпкерлер мен компаниялар 328.00 нысанын тапсырып, ҚҚС пен акциздерді төлеуі керек.
24 қарашаға дейін:
Резидент емес азаматтардың жекелеген санаттарына қазан айында төленген табыстардан жеке табыс салығын аудару қажет.

25 қарашаға дейін:
Жұмыс берушілер қазан айы үшін:
- жеке табыс салығын;
- әлеуметтік салықты;
- міндетті зейнетақы жарналарын;
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын;
- әлеуметтік аударымдарды;
- медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарын төлеуі керек.
- Үшінші тоқсанның қосымша құн салығын төлеу;
- Қараша айына арналған корпоративтік табыс салығының аванстық төлемдерін аудару;
- Мүлік салығы және заңнамада көзделген өзге де төлемдерді жасау қажет.
Міндеттемелер барлық азаматқа бірдей қатысты емес. Қандай салық төлеу керегі кәсіпкердің қызмет түрі мен қолданатын салық режиміне байланысты. Мысалы, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режиміндегі кәсіпкерлер 910.00 нысанын жарты жылдық қорытынды бойынша тапсырады. Келесі есептілік мерзімі – 2027 жылғы ақпан.
Салық берешегі бар компаниялар директорын ауыстыра алмайды
Қазақстанда 1 қарашадан бастап салық берешегі 194 мың теңгеден асатын компанияларға басшысын және заңды мекенжайын өзгертуге тыйым салынады. Шектеу қарызы төрт ай бойы өтелмеген кәсіпорындарға қолданылады.
Жаңа талап салық қарызынан бөлек, төленбеген кедендік баждар, төлемдер мен өсімпұлдарға да қатысты. Бұған қоса, мұндай компаниялар қызмет түрін, құрылтай құжаттарын, түпкі бенефициарын және жарғылық капиталын өзгерте алмайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мұндай шара салықтан жалтару үшін қарызы бар компанияны басқа адамның атына рәсімдеп немесе басқа өңірге көшіретін кәсіпкерлердің әрекетіне тосқауыл қою мақсатында енгізілген.
Қазақстанда 3,4 мыңнан астам мәслихат депутаты сайланады
29 қарашада Қазақстанның барлық деңгейіндегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ел бойынша 228 мәслихаттағы 3447 депутаттық мандат сарапқа салынады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, оның ішінде:
- 20 облыстық мәслихатта – 668 мандат;
- 38 қалалық мәслихатта – 626 мандат;
- 170 аудандық мәслихатта – 2153 мандат.
Кандидаттарды ұсыну 27 қазанда аяқталды. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Сайлауалды үгіт осыдан кейін басталып, 28 қараша түн ортасында тоқтайды. Ал 28 қараша – тыныштық күні.
Дауыс беру 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сайлау қорытындысы бес күнде жариялануға тиіс. Мәслихат депутаттары бес жылға сайланады. Олар өңірлік бюджетті бекітуге, аумақтарды дамыту бағдарламаларын қарауға және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға жауап береді.
Қазақстанда балаларды педиатрсыз қалдыра ма?
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелері жаппай жабылмайды. Алайда емханаларда балаларды қабылдау тәртібі өзгеріп, негізгі медициналық көмекті жалпы практика дәрігерлері көрсетуі мүмкін. Бұл ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызды.
Денсаулық сақтау министрлігі педиатрлары бар емханаларда жеке балалар учаскелері сақталатынын мәлімдеді. Ал педиатрға күрделі диагноз, емнің нәтиже бермеуі немесе ауыр созылмалы аурулар кезінде жолдама берілуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, әсіресе бес жасқа дейінгі балаларды педиатр бақылағаны дұрыс. Себебі бұл кезеңде баланың дамуындағы маңызды өзгерістерді дер кезінде анықтау қажет. Ал педиатриялық учаскелер қысқарса, ауруларды ерте анықтау қиындап, басқа мамандарға түсетін жүктеме артуы мүмкін.

Қорғаста күдіктілер шекарадан қашып өтсе, Қазақстан мен Қытай бірлесіп ұстауы мүмкін
Қазақстан мен Қытай "Қорғас" халықаралық орталығындағы қауіпсіздік ережелерін өзгертпек. Жаңа келісім бойынша, күдіктілер шекараның арғы бетіне өтіп кеткен жағдайда, екі елдің құзырлы органдары оларды ұстау және тергеу үшін бір-біріне көмектесуге міндеттеледі.
Құжатта жаппай тәртіпсіздік, террорлық акт және адамдардың өміріне қауіп төнген кездегі бірлескен әрекеттер де қарастырылған. Алайда бір елдің полицейлері мен әскери қызметкерлері екінші тараптың рұқсатынсыз оның аумағына өте алмайды. Заң жобасы 18 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.

Өзбекстанмен шекарада жүк көліктерінен кепілдік жарна талап етіледі
9 қарашадан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы үш өткізу бекетінде ("Қазығұрт", "Б. Қонысбаев" және "Атамекен") электронды кезекке тапсырыс беретін халықаралық жүк тасымалдаушылар 86 500 теңге кепілдік жарна төлеуі керек.
Қаражат тасымалдаушының арнайы электронды шотында сақталады. Егер жүк көлігі брондалған уақытта шекараға келсе, ақша толық көлемде автоматты түрде қайтарылады.
Ал 90 күнде қатарынан екі рет белгіленген уақытта келмеген тасымалдаушының кепілдік жарнасы мемлекет бюджетіне ұсталады. Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, жаңа талап шекарадағы қолдан жасалған кезектерді жою және электронды брондау жүйесінің тәртібін күшейту үшін енгізіліп отыр.

Қазақстанда электр жарығына қатысты жаңа талаптар күшіне енеді
Қазақстанда 8 қарашадан бастап электр есептегіштерін орнату, жарық ақысын есептеу және электр желісіне қосылу тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлерге де қатысты.
Енді жаңа үйлерге орнатылатын есептегіштер электр тұтыну көрсеткіштерін компанияға автоматты түрде жіберуі керек. Ал есептегіш тұрғынның кінәсінсіз бұзылса, жарық ақысы орташа тұтыну көлемімен есептеледі. Бұл тәртіп 30 күннен аспауға тиіс.
Бұдан бөлек, есептегішті 30 күн ішінде жөндеу немесе ауыстыру қажет. Әйтпесе электр компаниясы жарықты өшіруі мүмкін.
Көпқабатты үйлерде ортақ жарыққа кеткен шығынды басқарушы ұйым бақылап, тұрғындардың талабы бойынша есеп беруге міндетті. Ал электр желісіне қосылуға қажетті техникалық құжаттарды беру және қайта рәсімдеу тегін болады.

Қарашада Астана мен Алматыда не өзгереді: Жаңа мұз айдыны, театр, емхана және жол шектеулері
Қараша айында Астана мен Алматы тұрғындарын бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Елордада ұзындығы 1,4 шақырым болатын мұз айдыны ашылса, Алматыда театр қайта жұмысын бастайды, жаңа емхана мен студенттер жатақханасын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар екі қалада да жол шектеулері сақталады.
Астанадағы өзгерістер:
15 қарашада Abu Dhabi Plaza маңындағы Сызықтық саябақта ASTANA WINTER PARK / MEGAICE мұз паркі ашылады. Мұз жамылғысының ауданы 6 мың шаршы метр, ал мұз жолдарының ұзындығы 1,4 шақырым болады. Маусым 2027 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады.
- Шерхан Мұртаза көшесінің бір бөлігі 3 қарашаға дейін жабық болады.
- Алматы көшесіндегі тоннель құрылысына байланысты кейбір учаскелер жыл соңына дейін жабылады.
- Бердібек Соқпақбаев көшесінің бір бөлігі 1 желтоқсанға дейін жабылады.
- Сығанақ көшесі мен Шыңғыс Айтматов көшесінің кейбір бөліктерінде де көлік қозғалысы шектеледі.

Алматыдағы өзгерістер:
2 қарашадан бастап "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортындағы М1, К-1 және К-2 аспалы жолдары қайта жұмыс істейді. Алайда шаңғы маусымының басталу күні әзірге белгісіз.
6 қарашада Наталия Сац атындағы орыс балалар мен жасөспірімдер театры күрделі жөндеуден кейін қайта ашылады.
Шұғыла шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхана пайдалануға беріледі. Мұнда МРТ, КТ және басқа да медициналық жабдықтар болады.
Қалада 400 орындық жаңа студенттер жатақханасын пайдалануға беру жоспарланған. Бір адамға ай сайынғы төлем 45 мың теңге болады деп болжанады.
Алматыдағы жол шектеулері:
Құлжа және Іле трактілерінің жекелеген учаскелерінде 19 қарашаға дейін кері қозғалыс тәртібі сақталады. Бұл жүк көліктеріне арналған салмақ пен габаритті бақылау жүйелерін орнатуға байланысты.
Қазақстандықтар неше күн демалады
2026 жылғы қарашада қазақстандықтарды мемлекеттік мерекелерге байланысты қосымша демалыс күндері күтпейді. Ай ішінде бес күндік жұмыс аптасымен істейтіндер 9 күн, ал алты күндік жұмыс аптасындағылар 5 күн демалады.
Бес күндік жұмыс аптасы бойынша:
- 21 жұмыс күні;
- 9 демалыс күні;
- Қосымша мерекелік демалыс жоқ.
Демалыс күндері: 1, 7, 8, 14, 15, 21, 22, 28 және 29 қараша.
Алты күндік жұмыс аптасы бойынша:
- 25 жұмыс күні;
- 5 демалыс күні.
Демалыс күндері: 1, 8, 15, 22 және 29 қараша.
Қарашада демалыс күндерін ауыстыру да қарастырылмаған. Қазақстандықтар соңғы қосымша демалысты 26 қазанда Республика күніне орай алған. Ал келесі мемлекеттік мереке – 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күні.
Қазақстанда түйе сүтіне стандарт енгізіліп, киімдерді таңбалау міндеттеледі
1 қарашадан бастап Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған алғашқы ұлттық стандарт күшіне енеді. Ал 14 қарашадан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалаудың жаңа ережелері қолданыла бастайды.
Жаңа стандарт түйе сүтінің сапасы мен қауіпсіздігіне, қаптамасына, таңбалануына, тасымалдануы мен сақталуына қойылатын талаптарды белгілейді.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бірыңғай талаптар өндірушілерге өнім түрлерін көбейтіп, шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Қазір түйе сүтінен шұбаттан бөлек, балмұздақ, десерт және кофеге арналған сусындар да дайындалады.
14 қарашадан бастап киім-кешек пен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау тәртібі өзгереді. Жаңа талап өндірушілерге, импорттаушыларға, көтерме және бөлшек саудагерлерге қатысты.

Ал міндетті таңбалау 1 желтоқсаннан басталады. Алғашқы кезеңде:
- табиғи және композициялық былғарыдан жасалған бұйымдар;
- жасанды үлбірден тігілген киімдер;
- киімнің жекелеген түрлері;
- шаңғы костюмдері;
- төсек-орын, асүй және дастарқан жабдықтары қамтылады.
Өнімдерге арнайы Data Matrix кодтары қойылады. Сатып алушылар тауар туралы ақпаратты Naqty Onim қосымшасы арқылы тексере алады.
2027 жылғы 1 наурыздан бастап таңбалау свитер, кардиган, жейде, шарф және басқа да киім түрлеріне таралады. Ал үшінші кезең 2027 жылғы 1 қазанда басталады.
Қазақстанда Stadler пойыздары қарашада жолаушылар тасымалын бастайды
2026 жылғы қарашада Астанадағы зауытта құрастырылған швейцариялық Stadler жолаушылар вагондары алғашқы бағыттарға шығарылады. Бастапқы кезеңде шамамен 40-45 вагонды іске қосу жоспарланған.
Жаңа вагондар мына бағыттарда қатынауы мүмкін:
- Астана – Алматы;
- Астана – Семей;
- Астана – Атырау.

Қазан айының ортасына қарай тасымалдаушыға 85-тен астам дайын вагон тапсырылған. Алайда техникалық ескертулер мен қосымша сынақтарға байланысты пойыздарды іске қосу бірнеше рет кейінге шегерілген. Коммерциялық пайдаланудың нақты басталу күні әзірге белгісіз. "Қазақстан темір жолы" 2026 жылдың соңына дейін 142 вагонды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал Stadler компаниясымен жасалған келісім бойынша 2030 жылға дейін барлығы 557 жолаушылар вагоны шығарылуға тиіс.