Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш миллион халқы болған ежелгі өркениет: Амазон орманынан мыңдаған жыл бұрынғы жұмбақ құрылыстар табылды

таңғажайып ежелгі өркениет
Фото: ВВС

Бразилиядағы Амазон тропикалық ормандарынан мыңдаған жыл бұрын салынған 432 алып геоглиф табылды. Ғалымдардың болжамынша, олар халқы үш миллионға жуықтаған ежелгі Акири өркениетінің мұрасы болуы мүмкін. Зерттеушілер бұл құрылыстардың қалай салынғанын және қандай мақсатта пайдаланылғанын анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ғалымдардың болжамынша, бұл нысандарды бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген, халқы үш миллионға жуықтаған ежелгі өркениет жасаған. 

Nature журналында жарияланған зерттеуді Испания, Финляндия, Бразилия және Данияның университеттері мен ғылыми институттарының мамандары жүргізген.

Ғалымдар қалың орманды LiDAR деп аталатын лазерлік технология арқылы зерттеген. Бұл әдіс лазер сәулелерінің көмегімен жер бедерін өлшеп, аумақтың үш өлшемді картасын жасауға мүмкіндік береді. Оның арқасында ағаштарды кеспей-ақ және әр жерге жеке бармай-ақ, үлкен аумақты зерттеуге болады.

"Бұл – Амазония аумағында LiDAR технологиясын қолданып жүргізілген алғашқы ауқымды зерттеу", – дейді Хельсинки университетінің археологі әрі антропологі, зерттеу авторларының бірі Мартти Пярссинен.

Зерттеушілер жалпы аумағы 4 400 шаршы шақырым болатын жерді сканерлеп, 432 геоглиф тапқан. Олардың басым бөлігі бұған дейін ғылымға белгісіз болған. Бұл құрылыстар б.з.д. 600 жылдан б.з. 850 жылға дейінгі аралықта жасалған.

Үш миллионға жуық халқы болған өркениет

Ғалымдардың болжамынша, бұл геоглифтер Акири өркениетіне тиесілі. Ол шамамен 183 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан. Бұл – қазіргі Камбоджа немесе Сирияның жер көлемімен шамалас. Өркениет гүлденген кезеңде, яғни б.з. 100–300 жылдары оның халқы үш миллионға жуықтауы мүмкін.

Зерттеушілер ені 15 метрге, тереңдігі 5 метрге дейін жететін орларды анықтаған. Мұндай алып құрылыстарды жасау үшін көп адамның бірлесіп жұмыс істеуі қажет болған.

Алсеу Ранцидің айтуынша, бұл аймақта тас болмағандықтан, ежелгі адамдар топырақты ағаш құралдармен қазып, себеттермен тасуы мүмкін. Алайда Амазонияның ылғалды климаты ағаш пен басқа да органикалық материалдардың тез шіруіне себеп болады. Сондықтан ғалымдар әзірге нақты қорытынды жасай алмай отыр. Зерттеушілер мұндай құрылыстарды салу үшін көп жұмыс күшімен қатар, еңбек бөлінісі, математика мен геометрияны терең білу қажет болған деп есептейді.

Геоглифтер не үшін салынған?

Бұған дейін ғалымдар геоглифтерді халықты жау шабуылынан қорғайтын бекіністер немесе қорғаныс құрылыстары деп санаған. Алайда қазір мамандар олардың басқа мақсатта пайдаланылғанын болжайды.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл орындар діни рәсімдер өткізуге, саяси мәселелерді талқылауға және адамдарды жинауға арналған болуы мүмкін. Яғни оларда адамдар тұрақты тұрмаған, белгілі бір жағдайларда бас қосқан.

Алсеу Ранцидің пайымдауынша, егер бұл болжам расталса, Акири өркениеті бейбіт өмір сүрген болуы мүмкін. Өйткені геоглифтерді салуға соншама күш пен уақыт жұмсауы олардың алаңдайтындай үлкен жауы болмағанын аңғартады.

 Табиғатқа ұқыпты қараған

Мартти Пярссиненнің айтуынша, Акири мәдениетінде табиғатқа құрметпен қарау маңызды орын алған.

"Олар тропикалық орманды ешқашан саваннаға айналдырмаған. Орманды тазарту мен ағаш кесу күнделікті тіршілігіне қажетті мөлшерде ғана жүргізілген. Олар жүгері, асқабақ және маниок өсірген", – дейді ғалым.

Қазба жұмыстарының нәтижесі ежелгі адамдардың геоглифтерді салып қана қоймай, оларды ұзақ уақыт бойы күтіп ұстағанын да көрсетеді.

Зерттеу авторларының бірі, Бразилиядағы Пара федералды университетінің археологі әрі антропологі Руан Карлос Лопестің айтуынша, мұндай нысандарды ғасырлар бойы сақтап қалу үшін де мол білім мен жүйелі жұмыс қажет болған.

"Әңгіме тек құрылыстарды салу туралы емес. Оларды ғасырлар бойы сақтап отыру керек болды. Бұл, әрине, жинақталған мол білімді қажет етті", – дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін ғалымдар Жердегі тіршілік кометалардан басталмаған деген болжам айтқан болатын.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 17:50