Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ойын бизнесі басшыларының жауапкершілігін күшейту ұсынылды

казино
Фото: Pexels

Қазақстанда ойын бизнесі мен лотерея ұйымдастырушыларына қатысты қаржылық мониторинг ережелерін өзгерту жоспарланып отыр. Жаңа талап бойынша, заңбұзушылық болған жағдайда компания басшылары мен жауапты қызметкерлер де жеке жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Туризм және спорт министрлігі тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізу туралы жобаны жариялады. Құжатта ойын бизнесі мен лотерея ұйымдастырушыларының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл талаптарын сақтау тәртібі қарастырылған.

 

Кімдер жауапқа тартылуы мүмкін?

Жобаға сәйкес, қаржылық мониторинг субъектісінің басшылығы мен жауапты қызметкері заң талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Яғни талап бұзылған жағдайда жауапкершілік тек компанияның өзіне ғана емес, оған жауапты лауазымды тұлғаларға да жүктелуі ықтимал.

Министрлік бұл өзгерістер Қазақстан заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін қажет екенін түсіндірген.

Атап айтқанда, бұл талаптар Қаржылық шараларды әзірлеу жөніндегі халықаралық топтың ұсынымдарында да қарастырылған. Ұйым елдерге қаржылық мониторинг талаптарын бұзғаны үшін тиімді әрі тиісті санкциялар енгізуді ұсынады. Мұндай шаралар заңды тұлғаларға ғана емес, заңбұзушылыққа жол берген жауапты қызметкерлерге де қолданылуы керек.

Жаңа талап қашан күшіне енеді?

Құжат әзірге заң ретінде қабылданған жоқ. Қазір ол “Ашық нормативтік құқықтық актілер” порталында қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр.

Жобаны талқылау 13 қарашаға дейін жалғасады. Одан кейін ұсыныстар ескеріліп, құжатты қабылдау мәселесі шешіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда тек шетелдіктерге арналған казинолар ашылатын аймақтар белгілі болды.

Айнура Дарибаева
Жұма, 30 Қазан, 2026 17:32