Қазақстанда тек шетелдіктерге арналған казинолар ашылатын аймақтар белгілі болды
Қазақстанда тек шетелдіктерге арналған арнайы казинолар орналасатын аумақтар анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жаңа ережелер 11 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Мұндай казинолар мен ойын автоматтары залдарына шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар ғана кіре алады. Қазақстан азаматтарына ол жерлерге тек қызметкер немесе өздерінің қызметтік міндеттерін атқаратын маман ретінде ғана кіруге рұқсат етіледі.
Тізімге мына аумақтар кірді:
- Алматы облысының Талғар және Ұйғыр аудандары;
- Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы;
- Жетісу облысындағы Алакөл жағалауы мен Панфилов ауданы;
- Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл және Зайсан аудандары;
- Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы;
- Абай облысындағы Алакөл жағалауы.
Бұл аталған аумақтардың барлығында казино құрылысы басталып кетті дегенді білдірмейді. Аталмыш құжат тек бұдан былай казино ашуға рұқсат етілетін аумақтарды айқындайды. Нақты орындар мен жобалар кейінірек белгіленеді.

Бұл ретте елдегі қолданыстағы ойын-сауық аймақтары жойылмайды. Казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселерді Қапшағай су қоймасының жағалауында және Бурабай ауданында бұрынғыдай орналастыруға рұқсат етіледі.
Елімізде тек шетелдіктерге арналған казино ашу идеясы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жаңа бір казино бюджетке жыл сайын 2-3 миллиард теңге салық түсіріп, шамамен 500 жұмыс орнын аша алатынын айтқан еді.
Мұндай жобаны әсіресе Маңғыстау облысында көптен бері күтуде. 2019 жылы Ақтау маңындағы "Жылы жағажай" аумағында казиносы бар ірі туристік кешеннің іргетасы қаланған еді. Алайда бес жыл өтсе де, жоба жүзеге асырылмады. 2024 жылы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай аймақта тек шетелдіктерге арналған казино ашу идеясын қолдаған.
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты