Алматы облысында шетелдіктерге арналған казино салынуына байланысты тұрғындар лудомания көбейе ме деп алаңдаулы
Алматыда "Ақ-Бұлақ" курортының аумағында шетелдіктерді қабылдайтын казино салынады. Алайда жергілікті тұрғындар жаңа ойын аймағы жергілікті халықтың, әсіресе жастардың құмар ойындарға қызығушылығын арттыра ма деп алаңдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоспар бойынша Іле Алатауының етегінде казино мен бірге қонақүй, ипподром, сондай-ақ 1,5 мыңнан астам вилла мен коттедж салынады. Ауқымды туристік кешен инвесторлардың қаржысына бой көтермек.
Болашақ ойын-сауық аймағы үшін халықаралық "Ақ-Бұлақ" туристік орталығының аумағы таңдалған. Кешеннің жалпы аумағы 800 гектар. Қазір мұнда тау шаңғысы курорты мен гольф клубы жұмыс істейді. Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетінің мәліметінше, шетелдіктерге арналған ойын-сауық аймақтарын 2026-2029 жылдары дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, казиносы бар қонақүйдің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланған.
Шенеуніктердің айтуынша, жаңа казино желісі өңір үшін қажет. Ол туристерді тартып қана қоймай, бюджет кірісін де арттырады. Дегенмен Талғар тұрғындары жаңа ойын-сауық аймағының ашылуына қатысты пікірін әртүрлі білдірді.
"Қазір казиноға, әсіресе онлайн-казиноға көптеген адам тартылып жатыр. Оның үстіне осындай нысанды жақын жерге салса, мұнда адам ағымы көбейеді. Бұлай жасауға болмайды", "Балаларға арналған спорт кешендерін, жастар білім алып, дамитын орындарды ашқан дұрыс еді. Бұл біз үшін әлдеқайда маңызды. Сондықтан казиноның ашылуын қолдамаймын", "Мұның бәрі – құмар ойындар, лудоманияға адамдардың қызығушылығын арттырады. Балаларымыз бен жастарымыздың мұндай нәрсені білгенін де қаламаймын", – деді тұрғындар.
Алайда шенеуніктердің айтуынша, жергілікті тұрғындарға лудомания қаупі төнбейді. Себебі жаңа ойын залдарына тек шетел азаматтары ғана кіре алады. Кіреберісте міндетті түрде құжат тексеріледі. Ережені бұзған жағдайда айыппұл салынып, тіпті лицензиядан айыруы мүмкін.
AERC бас директоры Жәнібек Айғазиннің айтуынша, турист казино жанындағы қонақүй қымбат болған жағдайда басқа қонақүйді таңдай алады. Бұл өзге қонақүйлерге де пайда әкеледі. Сондай-ақ туристер мейрамханаларға барып, Қапшағайға немесе басқа демалыс орындарына баруы мүмкін. Соның нәтижесінде көлік, тамақтану және басқа да қызмет көрсету салаларына сұраныс артады.
Алматы маңындағы жаңа ойын-сауық аймағын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Құрылысты қараша айында аяқтау көзделген.
