Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мұнай іздеуге арналған ірі аумақ аукционға шығарылды

Мұнай
Фото: Pexels

Қазақстанның Ұлытау облысындағы көлемі 1,1 мың шаршы шақырымнан асатын Құрылтай учаскесін игеру құқығы аукционға шығарылды. Жеңімпаз компания мұнда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, кемінде бір барлау ұңғымасын бұрғылауы керек. Ал мұнай немесе газдың ірі қоры анықталған жағдайда, инвесторға қосымша міндеттемелер жүктеледі. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, электронды аукцион 23 желтоқсанда өтеді. Оған қатысуға өтінімдер 12 қарашаға дейін қабылданады.

Курылтай учаскесін игеру құқығы үшін белгіленген бастапқы қол қою бонусы – 21,6 миллион теңге. Ал мұндағы геологиялық барлау жұмыстарының алдын ала құны 1,2 миллион долларға бағаланған.

Аукцион жеңімпазы қандай жұмыс атқаруы керек?

Аукционда жеңіске жеткен компанияға мұнай мен газ қорын анықтау үшін үш жыл уақыт беріледі. Осы кезеңде инвестор бірнеше міндетті орындауы тиіс:

  • учаскенің жалпы аумағының кемінде 30 пайызында екі өлшемді сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу;
  • кемінде бір барлау ұңғымасын бұрғылау;
  • осы аумақта бұрын бұрғыланған барлық ұңғыманы өз балансына қабылдау.

Үш жылдық барлау кезеңінен кейін компания мұнай немесе газ өндіруге арналған келісімшарт жасауға өтініш бере алады. Мұндай келісімшарттың мерзімі 25 жылдан аспауы керек.

Инвесторға қандай талаптар қойылады?

Аукцион шарттарына сәйкес, учаскені игеретін компания Қазақстанның жергілікті кәсіпорындарымен жұмыс істеуге міндетті. Атап айтқанда, сатып алынатын жұмыс пен қызметтің кемінде 70 пайызы, ал тауарлардың кемінде 30 пайызы қазақстандық жеткізушілерден алынуы керек.

Сонымен қатар қарапайым жұмысшылар түгелдей Қазақстан азаматтарынан жасақталуы тиіс. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының кемінде 90 пайызы, ал жоба жетекшілері мен олардың орынбасарларының кемінде 80 пайызы қазақстандық болуы қажет.

Мұнай қоры көп болып шықса, инвесторға қосымша міндет жүктеледі

Курылтай учаскесінде кемінде 100 миллион тонна мұнай немесе 50 миллиард текше метр газ қоры анықталса, компания қосымша міндеттемелер қабылдауы керек.

Мұндай жағдайда инвестор:

  • қолданыстағы өндіріс орындарын жаңғыртуы;
  • жаңа мұнай немесе газ өңдеу зауытын өз қаражатына салуы;
  • не болмаса өндірілген шикізатты келісімшарт негізінде Қазақстандағы кәсіпорындарға өңдеуге беруі тиіс.

Осылайша, аукцион тек жер қойнауын барлау және игеру құқығын берумен шектелмейді. Жеңімпаз компанияға геологиялық зерттеу жүргізу, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану және ірі қор анықталған жағдайда ел ішінде өңдеу өндірісін дамыту талаптары қойылады.

Айта кетейік, бұған дейін канадалық компания Қазақстандағы алтын-мыс кен орнын игеруге 24,7 миллион доллар жұмсау

Айнура Дарибаева
Жұма, 30 Қазан, 2026 11:35