Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы бес айдағы рекордты жаңартты: Енді Қазақстанды қымбатшылық күтіп тұр ма?

мұнай
Фото: magnific.com

Мұнай бағасы соңғы бес айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 114 доллардан асып, әлемдік нарықтағы баға күрт өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы себеп болды. Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясы аумағындағы нысандарға, соның ішінде әуежай мен жедел басқару штабына соққы жасаған. Сонымен қатар әлемдік сауда үшін маңызды Баб-әл-Мандеб бұғазы маңындағы қақтығыстар да жағдайды қиындатып отыр.

Соның салдарынан әлемдік нарықта мұнай жеткізілімі үзіліп қалуы мүмкін деген қауіп күшейді.

Қазақстандық сарапшылар мұнай бағасының өсуі ел экономикасына қалай әсер ететінін бағалады. Олардың пікірінше, бұл жағдайдың екі жағы бар. Бір жағынан, мұнайдан түсетін кіріс артып, бюджетке түсетін қаражат көбейеді. Екінші жағынан, әлемдік инфляция күшейіп, импорттық тауарлар қымбаттауы мүмкін.

Экономист Арман Байғановтың айтуынша, мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы жоғары болуы әлемдік экономикаға кері әсер етуі ықтимал.

“Ұзақ мерзімді перспективада мұның жақсы салдары болмайды деп ойлаймын. Өйткені одан бүкіл әлем зардап шегуі мүмкін. Қазақстанға да әсер етуі ықтимал. Себебі әлемде жаһандық инфляция күшейеді. Соның салдарынан Қазақстанға импортталатын тауарлардың бағасы да қымбаттайды”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин доллар бағамы мен мұнай бағасына болжам жасаған еді. Ол Қазақстанда мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін арзандаса, доллар бағамы 520 теңгеге жетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Бұл жағдайда ел экономикасының орташа жылдық өсімі 3,2 % деңгейінде болжанатынын да айтқан. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 24 Қазан, 2026 08:06