Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанмен байланысы бар хакерлер Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған – Зерттеушілер

зауыт
Фото: Reuters

Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін хакерлер биыл Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап, Нижний Новгород қаласының әкімшілік жүйесіне кірген. Мұны зерттеушілер мәлімдеді. Олардың айтуынша, кибершабуылдарды тек ірі мемлекеттер ғана емес, басқа елдер де жасай алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Зерттеуді Cisco зерттеушісі Чи-эн Шэнь мен Recorded Future компаниясының маманы Джулиан-Фердинанд Фёгеле бірлесіп жүргізген. Есепте “Silent Lynx” деп аталатын хакерлер тобының Қазақстанда болуы мүмкін екені айтылған. Зерттеушілердің мәліметінше, бұл топ Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік мекемелердің желілеріне де шабуыл жасаған.

Зерттеушілердің айтуынша, Silent Lynx тобы нысанаға шабуыл жасау үшін көбіне фишингтік хаттарды пайдаланады. Хаттарға ресми әрі маңызды құжат сияқты көрінетін тіркемелер қосылады. Оны ашқан адам зиянды бағдарламаға жол беруі мүмкін.

Джонс Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер жөніндегі жоғары мектебінде докторант Олег Шакиров киберсаясат пен қақтығыстарды зерттейді. Оның айтуынша, бұл оқиға кибертыңшылықпен тек ірі державалар айналыспайтынын көрсетеді.

“Бұл кибертыңшылық саласындағы бәсеке бірнеше ірі кибердержава арасында ғана жүрмейтінін еске салады. Басқа елдер де бұл бағытта ілгерілеп келеді”, – деді ол.

Зерттеушілердің мәліметінше, Silent Lynx тобы Ресейдің оңтүстігіндегі Орск мұнай өңдеу зауытын нысанаға алған. Бұл кәсіпорын тамызда Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін бірнеше ай бойы жұмыс істемей қалған еді. Сонымен қатар зерттеушілер Мәскеуден шығысқа қарай шамамен 425 шақырым жерде орналасқан Нижний Новгород қаласының әкімшілік желісіне де хакерлердің кіргеніне дәлелдер тапқан.

Орскнефтеоргсинтез мұнай өңдеу зауыты Қазақстан шекарасынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Украина дрондарының бірнеше рет жасаған шабуылынан кейін зауыт жұмысының тоқтауы Ресейдегі жанармай тапшылығын күшейткен. Осыған байланысты Ресей үкіметі мұнай өңдеу қуатын арттыру үшін Қазақстанға жүгінген.

Ал Нижний Новгород Еділ мен Ока өзендері тоғысқан жерде орналасқан. Еділ өзені Каспий теңізіне құяды. Каспий теңізі – теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор су айдыны.

Орск мұнай өңдеу зауыты мен Нижний Новгород қаласының әкімшілігі түсініктеме беру туралы өтініштерге жауап бермеген. Хакерлермен де байланысу мүмкін болмаған.

Зерттеушілер Silent Lynx тобының Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін деген болжамды бірнеше жайтпен түсіндіреді. Олардың айтуынша, хакерлер зиянды бағдарламаның кодын құрастырған соң көп ұзамай оны Қазақстан аумағынан тексеруге тырысқан. Сонымен қатар топтың желідегі белсенділігі Қазақстандағы жұмыс уақытына сәйкес келген.

Оған қоса, зерттеушілер хакерлердің әрекеті Қазақстанның стратегиялық мүдделерімен тұспа-тұс келгенін айтты. 

Мысалы, 2026 жылдың басында Қазақстан Тәжікстанмен келісімді ратификациялап жатқан кезде хакерлер Тәжікстанның мемлекеттік мекемелерінің біріне кірген болуы мүмкін. Сонымен қатар сәуірде Қазақстан мен Беларусь дипломаттары кездесер алдында Беларусьтің мемлекеттік мекемелерінің бірі де осындай шабуылға ұшырағаны туралы деректер табылған.

Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Беларусь үкіметтерінен түсініктеме сұралған. Алайда жауап болмаған. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ресейден жеткізілетін мұнайды отандық мұнай өңдеу зауыттарында қайта өңдеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 16:55