Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүк көлігінің жүргізушілері жұмысын тоқтатпақ: Алматыда құм мен тас тапшылығы туындауы мүмкін

жүк көлігінің жүргізушілері
Фото: Видеодан скрин

Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілері жүк салмағына қойылған шектеулерге наразы. Миллиондаған теңге айыппұл арқалаудан шаршаған олар талаптар қайта қаралмаса, жұмысын тоқтатпақ. Ал бұл құрылыс материалдарының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жүк көлігімен құм, қиыршық тас және топырақ тасып күн көретін жүргізушілердің айтуынша, жолдарға салмақ өлшейтін құрылғылар орнатылғалы бері жұмыс істеу қиындаған. Қолданыстағы талап бойынша, үш осьті жүк көлігіне небәрі 10 тонна жүк артуға рұқсат етіледі. Ал белгіленген мөлшерден асып кеткен жағдайда жүргізушілерге қомақты айыппұл салынады.

Алматы облысының тұрғыны Ринат Күсембеков осы талаптың кесірінен 1 миллион 887 мың теңге айыппұл алғанын айтады.

"ҚазАвтоЖол жол салып жатқан кезде Алматыдан Сарыөзекке асфальт тасып жүрдім. Салмақ өлшейтін құрылғыға түсіп, 1 миллион 887 мың теңге айыппұл алдым. Бізге бір оське 8 тоннадан тиесілі дейді. Бұл Кеңес Одағы кезінде қабылданған талап. Қазір кемінде 14 тонна болуы керек деп есептеймін. Мысалы, сізге бір рейспен жүк жеткізген тиімді ме, әлде төрт-бес рет қатынап әкелген тиімді ме? Мұны жоғарыда отырғандар неге түсінбейді? Алатау қаласын саламыз деп жатыр, оны немен салады?" – деді Ринат Күсембеков.

Жүргізушілердің сөзінше, бұрын 70 мың теңгеге бір рейспен жеткізілген жүкті қазір үш-төрт мәрте қатынап тасуға тура келеді. Бұл жанармай, жол ақысы және жүргізушінің еңбекақысы секілді шығындарды көбейтеді. Соның салдарынан құрылыс материалдарының бағасы да қымбаттауы мүмкін. Ал бұл тұрғын үй құрылысының құнына әсер етеді.

Тағы бір жүргізуші Мейірбек Сағындық жолдардың бұзылуына тек ауыр жүк көліктерін кінәлау дұрыс емес деп санайды. Оның пікірінше, мәселенің бір себебі – жол құрылысының сапасы.

"Ауыр жүк көліктері жолды құртып жатыр дейді. Егер жолды тек біз құртып жатсақ, Алматыдағы Тимирязев көшесімен жеңіл көліктер мен автобустар ғана жүреді ғой. Сонда ол көше неге бұзылған? Ортасы ойылып, кедір-бұдыр болып кеткен. Ең алдымен жолдың сапасына мән беру керек", – деді Алматы облысының тұрғыны Мейірбек Сағындық.

Ал көлік министрлігі өкілдері жүк көліктеріне қатысты салмақ нормалары биылдың өзінде қайта қаралып, арттырылғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, өзгерістер тиісті сараптамадан өтіп, мамандармен келісілген. Сондықтан әзірге қолданыстағы шектеулерді одан әрі жеңілдету жоспарланып отырған жоқ.

Көлік министрлігі Көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы Мейрамбек Базаровтың айтуынша, бір шиналы оське түсетін салмақ 10,5 тоннаға, ал екі шиналы оське 11,5 тоннаға дейін көтерілген. Қосарланған білікке түсетін салмақ та 16 тоннадан 18 тоннаға дейін ұлғайтылған.

"Қазақстанда жолға түсетін салмақ көрсеткіштері халықаралық талаптарға да сәйкес келеді", – деді бас сарапшысы Мейрамбек Базаров.

Алайда жүргізушілер бұл өзгерістер мәселені шешпегенін айтады. Егер талаптар қайта қаралмаса, жүк көліктерін тоқтатып, кәсіптен бас тартуға дайын. Олардың пікірінше, айыппұл төлеп, шығынға батқанша жұмысқа шықпаған тиімді. Ал құрылысқа құм мен тас жеткізу қиындаса, оның салдары құрылыс саласына да әсер етуі мүмкін.

 

Еске салсақ, бұған дейін Қаскелең маңындағы "Алматы – Бішкек" тасжолында ауыр әрі ірі жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу қойылған еді. Оған жол айрығындағы құрылыс жұмыстары себеп болған. 11 қыркүйектен бастап енгізілген шектеу биіктігі 4,5 метрден, ені 8 метрден асатын көліктерге қатысты және жыл соңына дейін жалғасады.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 01 Қараша, 2026 08:40