"Жүлдені өз адамдарына береді": Қазақстандық ақындар мүшәйралардағы жершілдік пен тамыр-таныстықты сынады
Соңғы кездері Қазақстанда мүшәйралар өткен сайын арты үлкен дауға ұласып, Facebook желісінде қазылардың шешіміне көңілі толмайтындар көбейді. Қаламгерлердің бір тобы мүшәйрада әділеттілік мүлдем жоқ екенін айтып налыса, жас ақындар жүлденің тек жасы үлкен, атағы бар әріптестеріне берілетініне ренжулі. Енді бірі "әдебиетте жершілдік, рушылдық пен тамыр-таныстық басым" деп ашынады. Жыр бәйгелерінде расымен де әділетсіздік бар ма, әлде бұл тек жеңілгендердің өкпесі ме? Stan.kz тілшісі әдеби ортадағы бұл даудың себебін зерттеп көреді.
"Ақындар бір-бірінің өлеңін қолтаңбасынан танып, жүлде бере береді"
Филология ғылымдарының докторы Бекен Ыбырайымның айтуынша, кейбір мүшәйраларда ақындардың бір-бірімен қарым-қатынасы бағалау барысында көңіл қимастыққа әкеледі. Ол өзі қазылық еткен байқаулардың бірінде осыған көз жеткізгенін айтады.
"Мүшайралардың тазалығына күмәнім бар. Саңқылдаған, аспандаған, құр айқайдан тұратын өлеңдерді онша ұнатпаймын. Ол поэзия емес. Жүлдегер болу үшін ғана жазылған өлең. Өлең деген оңашада отырып оқитындай мөлдір болуы керек. Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына арналған бір мүшәйрада қазы болдым. Жанымдағылардың бәрі ақын, мен ғана әдебиеттанушы едім. Сонда байқағаным – ақындар бір-бірінің өлеңін қолтаңбасынан біліп қояды екен. Сосын олардың арасындағы қарым-қатынас, көңіл қимастық әсер етпей қойсын ба?! Әлі есімде мен ең жоғары бағалаған ақын басқалар тарапынан ондай баға алмады", – дейді Бекен Ыбырайым.
Әдебиеттанушы кейбір байқауларда жүлдеге таласушылардың таныстары арқылы орын сұрататынын да айтады. Оның пікірінше, мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қазыларды іріктеу тәртібін қайта қарау қажет.
"Балалар әдебиетіне қатысты байқауда әділқазы болғанымда байқағаным – ең әуелі телефон шалып, орын сұрайтындар ақындар екен. Болмаса, ортаға адам салады. Біздің мүшайраларда әділдік аз ғой. Көп жағдайда айтыс ақындары жүлдегер болып жатады. Дүркіреген "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығы да алғашқы жылы әділ өткенімен, екінші жылы оның тазалығына күмән ұялады. Бұдан бөлек, кейбір конкурстарда жершілдік белең алып, бәйге өз адамдарына беріліп кетеді.ол үшін өлеңдерді ортаға салып, жүлде алған жырларды порталдарға жариялау керек. Не үшін берді, қандай критерийлерге сүйенді, бәрі хаттама секілді толтырылғаны жөн. Бізді құртатын байқаудан соң бәрінің құпия қалатыны... Сосын мүшайраларға жазушылар одағы кіріспеуі керек. Мүшәйра түгіл, мемлекеттік сыйлықтың өзін әділ шеше алмай отырғанда басқаларға не дейміз?", – деді әдебиеттанушы.

"Рахаттың өлеңдері жүлдеге ілікпеді, ал жүлдегерлердің шығармаларына көңілім толмады"
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұргүл Хасанова әдеби мүшәйралардың әділдігіне қатысты күмәнін өз отбасының тәжірибесімен түсіндірді. Оның жұбайы – республикаға белгілі ақын әрі журналист Рахат Қосбармақ.
Нұргүл Хасанованың айтуынша, жұбайы 2001-2002 жылдары халықаралық "Шабыт" фестиваліне екі жыл қатарынан қатысқан. Алайда қазылар алқасының шешіміне көңілі толмаған соң, ширек ғасырға жуық уақыт бойы мүшәйралар мен әдеби конкурстарға қатысудан бас тартқан.
"Кейін қанша рет мүшәйралар мен конкурстарға қатысу жөнінде ұсыныс түссе де, бірде-біреуіне қатыспай, бас тартып келген еді. Былтырдан бері менің қоярда-қоймай үгіттеуімнен кейін бірнеше мүшәйраға қатысып көрді. Соның тек біреуінде ғана республикалық жыр бәйгесінде бас жүлдеге ие болды. Ал одан басқа бірнеше мүшәйрада әділ бағасын ала алмай, теперіш көрді. Мәселен, былтыр Бақыт Беделханның 50 жасына орай ұйымдастырылған жыр жарысында Рахаттың екі өлеңін де елеусіз қалдырды. Ал жүлде алған шығармаларын оқыған ақындардың өлеңдерін "Фейсбуктен" тыңдадым. Шынымды айтсам, онша көңілім толмады, жасанды, жасық болып көрінді", – деді ол.
Ол биыл шілдеде Абай облысында өткен Ақтамберді жырау Сарыұлының 350 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада да осындай жағдай болды деп санайды. Байқауда Рахат Қосбармақ төртінші орын алған.
"Күйеуім болған соң мақтап отырғаным емес, Рахаттың жырына қарағанда көркемдік деңгейі көп төмен жатқан дүниелер болып көрінді. Сенбесеңіз, өзіңіз де оқып көріңіз. Менің осы ойымды құптап пікір жазғандар мен осы мүшәйра туралы жекелеген пост жазғандардың көбі де оның бұл шығармаларының тақырыпқа сай емесін ашық айтып жатты", – деді Нұргүл Хасанова.
Оның пікірінше, мұндай байқаулар алдын ала біреуді марапаттау үшін ғана ұйымдастырылуы мүмкін.
"Осындай жыр бәйгелеріндегі әділетсіздіктерді көп көргеннен кейін амалсыз сондай ойға келесің. Мұндай сайыстардың көбі алдын ала біреулерге жүлде, машина беру үшін ғана ұйымдастырылып, белгілі бір топтардың мүддесіне ғана жұмыс істейтін сияқты. Әрине, бұған нақты дәлелім жоқ, бірақ сондай күдігім бар", – дейді журналист.
Журналистің айтуынша, биыл қыркүйекте өткен "Шабыт берген – Алматы!" республикалық мүшәйрасында Рахат Қосбармақ екі өлеңін ұсынғанымен, ешбір жүлдеге, соның ішінде бес ынталандыру сыйлығының біріне де ілікпеген.
Осыдан кейін Нұргүл Хасанова жұбайының "Уай, Алматы!" және "Алматы, Алматым!" атты өлеңдерін Facebook желісіне жариялаған. Оның айтуынша, жазба астына пікір қалдырған 85 адамның басым бөлігі шығармаларды жоғары бағалап, қазылардың шешіміне наразылық білдірген.
“Мынау бас жүлдеге лайық шығарма ғой”, “Бұл – ақынға жасалған қиянат. Рахаттың өлеңдері мықты!”, “Мынадай өлеңдерге орын бермеу деген жемқорлық дерті қазіргі қазақ поэзиясына сыналап өтіп кеткендігін білдіреді” деген пікірлер жазылды. Осыдан-ақ қазіргі мүшәйралардың қалай өтетіндігін бағамдай беріңіз", – дейді журналист.
Нұргүл Хасанованың пікірінше, қазылар әр жүлдегердің қандай критерий бойынша жоғары бағаланғанын түсіндіріп, шешімін көпшілікке ашық айтуы керек. Ол мүшәйраларды Facebook пен Instagram желілерінде тікелей эфир арқылы өткізуді де ұсынады.
"Мүшәйралар белгілі бір бес-алты адамның қазылығымен ғана өтетін бұқпантайлаған, жасырын емес, жария, ашық түрде өтуі керек. Тіпті Facebook, Instagram желілері арқылы тікелей эфирде өтсе, тіпті жақсы болар еді. Кәдімгі ақындар айтысы сияқты халықтың тікелей қатысуымен болған байқаулар барынша әділ болар еді", – дейді ол.

Жас ақын Көкбөрі Мүбарак та кейбір мүшәйраларда шығарманың көркемдік сапасынан бөлек, автордың танымалдығы мен таныстықтары әсер етуі мүмкін деп есептейді.
"Ең бастысы, ақынның атағына емес, өлеңнің сапасына баға берілуі керек. Кейбір жыр байқауларында жүйріктер әділқазылардың алдына жетпей-ақ, түскен шығармаларды реттеп отырған жарамсыз реттеушілердің қабілетсіздігінен немесе байқауға сынға түскен таныстарына жол ашу үшін мықты шығармаларды қағып тастап, іріктеуден өткізбейтіндер байқалады. Мұны біз Шабыт фестивальінің поэзия номинациясынан анық көреміз", – деді ақын.
Сондай-ақ ол Таласбек әдеби сыйлығы мен Қарағандыда өтетін кейбір мүшәйралардың нәтижесін ұйымдастырушылардың таныстары мен жерлестеріне артықшылық береді деп бағалайтынын жеткізді.
"Кейде өзің жоғары бағалаған шығарманың еленбей қалуы немесе көркемдік деңгейі күмән тудыратын туындылардың жүлде алуы ойландырады. Мен, мысалы, Таласбек әдеби сыйлығы мен Қарағандыда өтетін мүшәйраларды ұйымдастырушылардың жерлестері мен таныстарына бөліп беретін олжасы ретінде қараймын. Аягөздегі Ақтамберді атындағы, автокөлік тігілген мүшәйраның әділетсіз өткені бүкіл әлеуметтік желіде талқыланды. Ол байқауда Серік Төлеубайұлы, Бауыржан Игілік сияқты ақындар жеңіс тұғырына көтерілуі керек еді. Әділқазының өз дос-бауырына жүлдені жұлып алып беруі ашық сыналып, келесі байқаулардың әділ өтуіне алғышарт жасайды. Бұл — әділдікті арттырудың тиімді жолы", – деді Көкбөрі Мүбарак.
Оның пікірінше, ақындар ұйымдастыру комитетінен бағалау тәртібіне қатысты ресми түсініктеме сұрай алуы керек.
"Бірақ бізде әдеби жемқорлық қалыптасқандықтан, шығармаларды қабылдап алып отырған ұйымдастырушылар мен әділқазылар ортақ былықпалыққа барып, өз адамдарын алға шығару орын алуда. Ақындарда ұйымдастыру комитетіне ресми өтініш беріп, бағалау тәртібіне қатысты түсініктеме сұрауға мүмкіндік жоқ. Керісінше, олармен салғыласып қалуы мұсылман", – деді Көкбөрі Мүбарак.
Ал Жазушылар одағының мүшесі Әмина Адайхан Қазақстандық мүшайралардан әділдік іздеп, әуре болудың қажеті жоқ екенін айтады.
"Қазақстандағы мүшәйралардың бәйгесі жарияланбай жатып шешіліп қояды. Әділдік іздеп әуре болудың қажеті де шамалы. Себебі онда өлеңнің көркемдігі мен сапасы емес, ақынның туған жері, руы, тіпті "үйім жоқ, жағдайым нашар еді" деп мұңын шаққаны да есепке алынады. Жүлде өнерге емес, әлеуметтік көмек ретінде үлестірілетін болған. Бұл аз десеңіз, дау-дамай шығарып, айқаймен жүлдені жұлып алатын пысықсымақтар көбейген. Әдебиет әлемі қайырымдылық қорына немесе жанжал майданына айналғанда, шынайы талант пен адал еңбек қайда қалмақ?" — деді ақын Әмина Адайхан.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары жыр бәйгесінен жүлде алу үшін алдын ала "сәлемдесіп" шығу керегін айтып, алаңдаушылық білдіруде.
"Бұрындары мүшәйрада ақын сахнаға шығып, өз өлеңін өзі оқитын. Ал өлеңнің жазбаша нұсқасы қазылардың алдында жататын. Басқа поэзия байқауларына шығармалар бүркеншік атпен жіберілуші еді”, “Марқұм Рахымжан Отарбаевтың "Мүшәйра басталмас бұрын ананың да, мынаның да қолын алып, сәлемдесіп шығу керек" деп ащы да болса ақиқатты айтқаны бар еді (не меңзегенін түсінген шығарсыздар...)”, “Қазылар алқасы өгей шешеге жағынғысы келген жетім баланың күнін кешіп отыр. Осындайда қайран Шер-ағаң еске түседі екен..." — деген пікірлер қалдырған.
Жоғарыдағы пікірлерді ескере келе Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбайға осы сауалдарды қойдық. Оның айтуынша, мүшайралардың әділеттілігін бірнеше факторлар анықтайды.
"Мүшәйралардың бәрі бірдей әділетсіз немесе толықтай әділетті деп кесіп айту қиын. Бәрі ұйымдастырушыларға және қазыларға тікелей байланысты. Бағалау тәртібі де әртүрлі. Егер ақындар мүлде сенбейтін болса, бұл байқауларға ешкім қатыспас еді. Бір мүшәйраға 300-400 ақынның шығарма жіберуі — сол қаламгерлердің бәйгеден үміт үзбегенін көрсетеді", – дейді Бейбіт Сарыбай.
"Мүшәйраға сенімді қалай қайтаруға болады?" деген сұраққа әдебиеттанушылар мен сарапшылар бір ауыздан мынадай жүйелі реформалар қажет екенін айтады:
- Мүшәйралардың әділ өтуі үшін қазылар алқасына ақындарды емес, тәуелсіз әдебиеттанушылар мен кәсіби сыншыларды көптеп енгізу қажет. Бұл — қатысушылар мен төрешілер арасындағы астыртын байланыс пен тамыр-таныстықты азайтудың бірден-бір жолы.
- Бағалау өлшемдерін бекіту. Өлеңнің көркемдік деңгейі, тілдік ерекшелігі, тақырыпты ашуы, композициясы мен жаңашылдығы қандай тәртіппен бағаланатыны алдын ала түсіндірілуі қажет.
- Жүлдегерлердің шығармаларын жариялау. Оқырман байқауда жеңген өлеңдерді оқып, нәтижемен таныса алуы керек.
- Қазылар шешімін негіздеу. Жүлдегерлердің шығармалары не үшін жоғары бағаланғаны түсіндірілуі керек. Хаттама ретінде негіздеме қажет.
- Шағымдану мүмкіндігін енгізу. Қатысушылар іріктеу тәртібі бұзылды деп есептесе, тәуелсіз комиссияға жүгініп, ресми жауап ала алуы керек.
Өлеңнің бағасы ақынның шыққан өңіріне, руына, таныстарына немесе танымалдығына емес, шығарманың өзіне байланысты болуы керек. Ал әділ бағаланғанына сенімді болу үшін қатысушыларға да, оқырмандарға да нәтижені тексеруге мүмкіндік берілуі қажет.
“Айтсаң, өлтіремін деді": Ақтөбеде оқушы қызды бала кезінен танитын көршісі зорлаған