Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрғын үй саламын деп 4 миллиард теңге жинаған": Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды

4 миллиард жинап алдаған
Фото: Видео кадрларынан скрин

Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген 45 жастағы ер адам ұсталды. Ол Астанада тұрғын үй кешенін саламыз деп 292 адамнан 4 миллиард теңгеден астам ақша жинаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті мен оның сыбайластары азаматтардың сеніміне кіріп, ақшасын иемденген. Алайда көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы қажетті рұқсат құжаттарынсыз және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілген.

Қылмыстық іс аясында 292 салымшының зардап шеккені анықталды. Келтірілген шығын көлемі 4 миллиард теңгеден асады.

Полицияның мәліметінше, ер адам ұзақ уақыт бойы Шымкентте жасырынып жүрген. Ұсталмау үшін жалдамалы пәтерлерін жиі ауыстырып отырған.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, бұған дейін балаларды грантқа түсіруге уәде беріп, 600 миллион теңге жымқырған білім беру орталығының басшысы сотталған еді.

 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 19:30