"Бұл Қытай ма, Қазақстан ба?": Бильярд ойнауға барған алматылық мекемеде өзіне қытай тілінде қызмет көрсеткеніне наразы болды
Алматыда бильярд ойнауға барған тұрғын мекемедегі қызмет көрсету жүйесіне наразылық білдірді. Оның айтуынша, маңдайша, планшет пен кассалық чектердің бәрі қытай тілінде болған. Келуші қазақ тілінің мүлде болмағанына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын достарымен бильярдқа барғанда тіл мәселесі намысына тигенін желіде жазды.
“Біз Қытайда жүрміз ба әлде Қазақстанда ма?! Мынау не масқара? Жарайды, маңдайшасы мен планшеттері қытайша болсын делік, бірақ чектің де түгелдей қытай тілінде болғаны артық емес пе? Бірде-бір қазақша сөз жоқ. Мен қытай тілін түсінбесем, онда онда не жазылғанын, не үшін ақша төлеп жатқанымды қайдан білемін? Бізді тым басынып кеткен жоқ па? Қолдауларыңызды сұраймын. Бұл жағдай намысыма тиіп, жүрегіме батып тұр. Ақша тауып, бизнесін жүргізіп отырған елін аз да болса құрметтеуге болады ғой. Соншалықты қадірсіз халықпыз ба?”, – деді ол.
Желі қолданушлары бұл мекеменің басшылығы қытайлық екен деп болжап, қазақ тілін де неге қопағанын сынады.
"Мені бұл адамдардың еш қысылмастан осындай әрекетке баруы шынымен таңғалдырады. Қазақстанда өзге ел азаматтары да компания ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. Бірақ мұндай жағдайлар мені алаңдатады, тіпті қорқытады";
"Қазір жаңадан салынған үйлердің бірінші қабатындағы дүкендер мен басқа да нысандардың маңдайшаларында тек қытай иероглифтері жазылғанын көріп жүрміз. Мұны көргенде намыстанамын. Бұл Қытай ма, әлде Қазақстан ба? Неге олар өздерін осынша еркін ұстайды? Бақылаушы органдар қайда қарап отыр? Әлде оларға бәрібір ме? Өте ыңғайсыз жағдай";
"Орыс тілімен алысып жатқанымыз аз еді, енді қытай тілі қайдан шықты?!";
"Неге чекті көргенде төлем жасаудан бас тартпайсыздар? Қазақша жазуды талап етіңіздер! Қазақша жазбаса, төлем жасамаймын деп айтыңыздар", – деп жазды жұртшылық.

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Q-Ball биллиярд залынан пікір сұрады. Мекеменің әкімшілігі бұл жақта басшылықтан бастап бәрі қазақ екенін және қызметкерлер келушілермен қазақша сөйлесетінін алға тартты.
“Қазір бізде қолданылып жүрген жүйе тек қытай тілінде жұмыс істейді. Себебі жүйенің өзі Қытайдан әкелінген. Сол үшін мұнда басқа тілдер жоқ. Мысалы, үстелдер мен компьютерлерді де сол жақтан аламыз. Ал жүйедегі электр қуатын қосу, чек шығару, есептеу сияқты барлық функция қытай тіліндегі бағдарламаға біріктірілген. Сол себепті де қазір мекемеде әзірге тек сусындар мен үстел ақысы ғана ұсынылады. Басқа тауар жоқ. Қазақ тілін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ әзірге оны жүзеге асыруға қажетті дайын нұсқа табылмай жатыр”, – деді мекеме әкімшісі Құзарбек.
Мекеме басшылығы бұған дейін де қазақ тілін енгізу мәселесін қарап көргенін жеткізді. Айтуларынша, қытайдан алынған жабдықтарды басқа тілге түзеу мүмкін болмаған.
“Басқа бағдарлама орнатып көруге де тырыстық. Алайда ол біздегі үстелдерге қосылмайды. Себебі құрылғылардың жүйесі өзара үйлеспейді. Бұл мәселені Қытайдағы жеткізушілерге айтып, бағдарламаны қазақ немесе орыс тіліне ауыстыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Әзірге касса қызметкерлері келушілерге төлем туралы ақпаратты өздері түсіндіреді. Мысалы, чек шыққанда оның ішіндегі мәліметтерді айтып береміз. Сусындар мен тағамдардың атауын қазақша жазып қоюды да қарастырып жатырмыз. Ал уақытқа байланысты төлем автоматты түрде есептеледі. Мысалы, жүйеде 2-3 минут сайын уақыт көрсетіліп отырады. Келуші кассаға келгенде қанша уақыт отырғанын, қанша диджей қызметін немесе кальян алғанын түсіндіріп, жалпы төлем сомасын айтып береміз”, – деп түсіндірді мекеме.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар брендтердің "қара тізімін" жасаған еді. Олар атағандардың арасында Choco, Sulpak, Burger King және Sen Sulu брендтері және бірнеше жұлдыздар бар.
"Қайда жұмыс істейсіз, қанша жалақы аласыз?": Қазақстан ата-аналары мектептердің жеке мәліметтерді сұрауына наразы болып жатыр
Мектептер өткізетін сауалнамалар легі ата-аналар тарапынан түрлі сауал туғызып жатқан көрінеді
"Үйден шығуға қорқамын": 17 жастағы қазақстандық қыздың жеке деректерін курстастары желіге таратып жіберген
Осы жағдайдан кейін оған бөтен адамдар жаза бастаған