Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді өз шаңырақтары бар": Динара Сәтжан ұлы мен келінін бөлек шығарды

Динара Сәтжанның отбасы
Фото: Instagram.com/dinarasatzhan

Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанның ұлы мен келіні өз алдына бөлек шаңырақ көтерді. Кәсіпкер жас жұбайларға пәтер алып, баспанасын жөндеуден өткізіп берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тележүргізушінің айтуынша, ұлы мен келіні үйлену тойынан кейін екі ай бойы өзімен бірге тұрған. Осы уақыт ішінде келіні Айнұр жаңа отбасының тыныс-тіршілігіне үйреніп, қазақы салт-дәстүр мен қонақ күту әдебін бойына сіңірген.

Енді жас отбасы өз үйлеріне көшіп, алғашқы қонақтарын қабылдаған. Динара Сәтжан бұл сәттің өзі үшін ерекше әсерлі болғанын жасырмады.

“Үйлену тойынан кейін балаларымыз екі ай бойы бізбен бірге тұрды. Осы уақыт ішінде Айнура біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді көріп, үйіміздің жылуын сезініп, қонақ күту дәстүрімізбен танысып, көп нәрсені үйреніп үлгерді. Ал бүгін алғаш рет өз қонақтарын өзі қарсы алып, өз шаңырағының иесі ретінде қадам жасады”, – деп жазды ол.

Жаңа үйге қоныстанған жас жұбайларға екі жақтың үлкендері де қолдау көрсеткен. Тележүргізушінің сөзінше, отбасындағы Ақмарал есімді жақыны үй шаруасына көмектессе, келінінің анасы Тамара құдағи қызының жасауын әкелген.

Динара Сәтжан қазақтың қыз ұзатып, жасау беру дәстүрінің терең мәніне тоқталып, жас отбасының өміріндегі жаңа кезеңге ақ тілегін арнады.

“Енді балалардың өз жолы басталды. Өз шаңырағы, өз жаңалықтары, өз қуаныштары мен өз тәжірибелері болады. Ал өмір дегеніміз ағып жатқан өзен секілді. Өз арнасымен аға береді. Жағалары өзгереді, жаңа бұрылыстар пайда болады, бір кезең аяқталып, екіншісі басталады. Әр кезеңнің өз сұлулығы, өз сыйы бар”, – деді тележүргізуші.

Сондай-ақ ол балаларының ержетіп, өз алдына отау құрғанын көру өміріндегі ең бақытты кезеңдердің бірі екенін жеткізді.

“Ал мен болсам, өз жасымның қадірін бұрынғыдан да терең сезініп, өмірдің осы кезеңінен ләззат алып жүрмін. Бұл – балаларың ержетіп, өз алдына шаңырақ көтерген, жаныңда сүйікті жарың, ата-анаң бар, ал жүрегіңде тыныштық пен шүкіршілік орнаған ерекше шақ”, – деп жазды Динара Сәтжан.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық киноның жабық көрсетіліміне шақырылған кәсіпкер Жұмабек Жанықұл жұбайын “Динара Сәтжан” деп хабарлаған жүргізушіге көптің көзінше ескерту жасап, құлағынан шертіп қалғаны туралы жазған едік. 

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 14:56