Қазақстандық ер адам бала күтімі бойынша демалысқа шығып, алимент қарызы үшін сотқа жүгінді
Ақтөбе облысында бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан ер адам алимент берешегін есептеу тәртібіне келіспей, сотқа жүгінген. Жеке сот орындаушысы оның қарызын Қазақстандағы орташа жалақы мөлшеріне сүйеніп есептеген. Алайда сот бұл тәсілді заңсыз деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алимент берешегін орташа жалақымен есептеген
Мән-жайды Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәлімдеді. Олардың дерегінше, ер адам 2024 жылдың ақпанынан бері бала күтіміне байланысты демалыста. Осы уақыт ішінде оның жұмыс орны сақталып, жұмыс берушімен еңбек қатынастары үзілмеген. Алиментті бала күтіміне байланысты алып жүрген жәрдемақысы есебінен төлеп келген.
Соған қарамастан, жеке сот орындаушысы ер адамның табысы туралы мәлімет жоқ деген негізбен алимент берешегін елдегі орташа айлық жалақыға сүйеніп есептеген. Ер адам қарыз сомасын қайта есептеуді сұрағанымен, жеке сот орындаушысы өтінішін қанағаттандырмаған. Осыдан кейін ол сотқа шағым түсірген.
Сот жеке сот орындаушысының шешімін заңсыз деп таныды
Істі қараған сот алимент берешегін елдегі орташа жалақы негізінде есептеу тек борышкер жұмыс істемеген әрі табысы болмаған жағдайда ғана қолданылатынын түсіндірді.
Ал бұл жағдайда ер адамның жұмыс орны сақталған, еңбек қатынастары тоқтамаған. Сондықтан оны жұмыссыз деп есептеуге негіз жоқ.
Сот бала күтіміне байланысты демалыс ата-ананы баласын асырау міндетінен босатпайтынын да айтты. Дегенмен мұндай демалыста болу алимент берешегін елдегі орташа жалақыға сүйеніп есептеуге негіз бола алмайды.
Нәтижесінде сот жеке сот орындаушысының берешекті қайта есептеуден бас тарту туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жойды. Сонымен қатар алимент қарызын ер адамның бала күтімі демалысына шыққанға дейінгі орташа айлық жалақысы негізінде қайта есептеуді міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс еңбек қауіпсіздігін күшейту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған еді. Құжатта жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салу, бала күтіміне байланысты демалыста болған әкелердің осы кезеңін еңбек өтіліне қосу, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғаларға байланысты өтемақы төлеу тетіктерін жетілдіру сияқты бірқатар өзгеріс қарастырылған еді.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып ауруханаға түсті
