Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанды дүр сілкіндірген теракт: Жалғыз адам екі сағатта қалай бірнеше адамның өмірін қиды

теракт
Фото: Коллаж Stan.kz

Осыдан 15 жыл бұрын, 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында Қазақстанды дүр сілкіндірген теракт болды. Қаруланған Мақсат Қариев бір күннің ішінде қалада бірнеше шабуыл жасады. Ол қару-жарақ дүкенін тонап, полиция қызметкерлеріне оқ атты. Қанды оқиға салдарынан жеті адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Қылмыскерді тоқтатуға ұмтылған полиция капитаны Ғазиз Байтасов та жарылыс кезінде көз жұмды. Ол қолындағы гранатаны өз денесімен жауып, айналасындағыларды қорғауға тырысты. Теракт елдегі қауіпсіздік пен діни радикализм мәселесін қайта көтерді. Stan.kz Таразды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаның хронологиясына шолу жасап шықты. 

 

Қанды оқиға қалай басталды?

2011 жылы 12 қарашадағы шабуыл аяқ астынан болмады. Кейінгі тергеу мәліметтеріне қарағанда, қарулы шабуыл алдын ала жоспарланған. 6 қарашада күдіктілердің бірі жиналыс өткізіп, онда құқық қорғау органдарына шабуыл жасау мәселесі талқыланған. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті мен әкімдік ғимараттарының сызбасы дайындалған. Шабуылды жүзеге асырушы ретінде Максат Кариев таңдалған.

Тергеу дерегінше, шабуылға дейін қару-жарақ пен оқ-дәрінің орны бірнеше рет ауыстырылған. 11 қарашада олардың бір бөлігі “Химик” гараж кооперативіндегі гаражға жеткізілген. Ал шабуыл болатын күні Қариев қару мен оқ-дәріні көлікке тиеп, көзге түспеу үшін “Қазақтелеком” қызметкерінің киімін киген.

Оқиға таңғы сағат 11:00 шамасында басталды. Сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері Қариевті сырттай бақылап жүрген. Ол оларды байқап қалып, қарулы шабуыл жасаған. Нәтижесінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Сергей Касьяненко мен Мұхтар Халиев қаза тапты.

Осыдан кейін Қариев көлік иесіне қару кезеп, оны байлап тастады. Сөйтіп оның Mazda 626 маркалы автокөлігін тартып алды. Осылайша,  Қариев қала ішінде еркін қозғалған.

дүкен
Фото: Tengrinews.kz

Арада көп уақыт өтпей, сағат 11:35 шамасында ол “Маке” қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Қарулы шабуыл кезінде дүкен күзетшісі Вячеслав Федорченко қаза тапты. Дүкенге келген Нұрғали Оразбасов та оққа ұшты. Оны ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.

Қариев дүкеннен екі жартылай автоматты қару – “Сайга” мен CZ маркалы қару және оқ-дәрі алып кеткен. Кейін ол ВАЗ-21099 көлігін тартып алып, жолын жалғастырды.

Алғашқы оқ: куәгер шабуыл туралы не айтты?

Сағат 11:52-де Тараз қалалық жедел басқару орталығына Қойгелді көшесі, 192-мекенжайда орналасқан сауда нүктесінің сатушысынан хабарлама түскен. Әйелдің айтуынша, сол ғимараттағы “Маке” қару-жарақ дүкенінен жаңа ғана оқ атылған дыбыстар естілген. Оқиға орнына бірден “Бүркіт-1” патрульдік экипажы жіберілген. 

Полицейлер келген кезде дүкен маңына көп адам жиналған екен. Олар атыс кезінде аман қалған жалғыз адам Бақыткүл Бектұрғанованы қоршап, есін жиғызуға тырысып жатқан. 

“Таңертең әдеттегідей жұмысқа келдім. Шамамен сағат 11:30-да лицейде оқитын қызыма телефон соқтым. Телефонды қоя салып, бұрылып қарасам, әлгі адам кіріп келе жатыр екен. Жаныма келіп: "Мынау қандай калибр? Мынау қандай автомат?" деп сұрады. Мен кәдімгі сатып алушы екен деп, бәрін түсіндіріп бердім. Сол сәтте ол қолындағы кесілген мылтықты көтеріп, тура жаныма бағыттап атып жіберді”, – дейді “Маке” дүкенінің сатушысы Бақыткүл Бектұрғанова.

Әйел абдырап қалған, десе де дабыл түймесін басуға болмайтынын түсінген. Өйткені мұндай әрекеті өз өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді. Ал Максат Қариев қолындағы кесілген мылтықты қайта-қайта сілтеп, сатушыдан автоматтар “Сайга” карабині мен “Чезетта” винтовкасын алып шығуды талап еткен. 

Бақыткүл оның талабын орындап, қаруды алып жатқанда, қару сақтайтын бөлменің есігі ашық тұрғанын байқаған. Қариев әйелді асықтырып, қорқыту үшін тағы да оқ атқан. Автомат қолына тиген сәтте сатушы сөренің астына тығылып, еңбектеп қару сақтайтын бөлмеге өткен. Қарулы адам оны атпақ болған. Десе де әйел есікті жауып, сейф бөлмесіне жасырынып қалған.

теракт
Фото: mk-kz.kz

Дүкен күзетшісі Вячеслав Федосенко мен келуші Нұрғали Оразбақовтың қалай қаза тапқанын әйел білмеген. Ал Нұрғали бұл оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған. Ол сол күні банкке барып, төлемдерін жасамақ болған. Кезектің ұзақтығын көрген соң, уақыт өткізу үшін қару-жарақ дүкеніне кірген. Кариев оны дүкеннің кіреберісінде атып кеткен. Кеудесіне оқ тиген ер адам өмірмен арпалысқан. Жедел жәрдем дәрігерлері оны аман алып қалуға тырысқан. Десе де ол ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды.

Полицейлер келгенше қылмыскер оқиға орнынан қашып үлгерген. Ол дүкеннен “Сайга” карабині мен “Чезетта” винтовкасын, 30 патронды алып кеткен.

“Бізге хабар тым кеш түсті. Сатушы қатты шошып, қару сақтайтын бөлмеде шамамен 20 минут отырған. Содан кейін ғана сыртқа шыққан. Дүкенде телефон бар екенін ұмытып, көрші сауда орнына барып, болған жағдайды ұзақ түсіндірген”, – дейді сол кезде Жамбыл облыстық ІІД жедел басқару орталығын басқарған Олег Никитюк.

Оқиға орнына келген полицейлер дүкеннен қаза тапқан күзетші мен ауыр жараланған келушіні тапқан. Сонымен қатар ішінде оқ-дәрісі бар, кесілген тегіс ұңғылы мылтықты көрген. 

“Бастапқыда Қариевтің қолында екі кесілген мылтық, газ тапаншасы және кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына ататын гранатаатқыш болған. Ол "Чезетта" жартылай автоматты винтовкасын алып, оқтап, оған қоса "Сайга" карабинін  алған. Сосын нысанаға дәлдеп оқ атқан”, – дейді сол кезде Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болған Марат Қожаев.

Екінші шабуыл: Бұл жолы қайда?

“Маке” қару-жарақ дүкеніндегі атыстан кейін арада екі минут өтпей, полицияға тағы бір шабуыл туралы хабар түскен. Сағат 11:54-те жедел басқару орталығына Пірманов көшесі, 2-мекенжайдағы “Витя ағайдың” дүкеніне қарулы адамның басып кіргені туралы қоңырау түскен. Куәгерлердің айтуынша, ол дүкен ішіне бірнеше рет оқ атқан. Оқиға орнына “Бүркіт-3” патрульдік экипажы жіберілген.

дүкен
Фото: Tengrinews.kz

Дүкенде болған Равжан Садықовтың айтуынша, қарулы адам ішке кіргенде үстінде “Қазақтелеком” қызметкерінің арнайы киімі болған. Қолына екі автомат пен гранатаатқыш ұстаған ол дүкендегілерге жерге жатуды бұйырып, бірнеше рет оқ атқан. Кейін дүкеннің сыртында тұрған Садықовтың ВАЗ-2109 көлігінің кілтін талап еткен.

“Дүкенге кіріп, терезеден сыртқа қарасам, арнайы киім киген бір ер адам екі автомат пен гранатаатқыш ұстап, кіреберіске қарай келе жатыр екен. Ол ішке кіріп, бәрімізге жерге жатуды бұйырды да, бірнеше рет оқ атты. Содан кейін дүкеннің жанында қалдырған “тоғыздығымның” кілтін талап етті. Кілтті бердім. Ол көлікке отырып, кетіп қалды”, – дейді жәбірленуші Равжан Садықов.

Бұл уақытта “Маке” дүкеніндегі шабуыл туралы ақпарат полиция бөлімшелеріне жетіп, оқиға орнына жедел-тергеу топтары жіберілген еді. Алайда тергеушілер жұмысқа кірісе бергенде, тағы бір шабуыл туралы хабар түскен. 

Қарулы адамның әрекетін теміржолдағы әскерилендірілген күзет қызметкері Жанат Базарбеков те көрген. Ол аумақты аралап жүргенде алдымен оқ атылғанын естіп, арада жарты минут өтпей тағы да атыс болғанын айтады. Жақындап келгенде баласын жетектеген әйелдің қорыққанынан қашып бара жатқанын байқаған. Дүкеннің жанында көлік, ал оның қасында жігіт тұрған. Бір сәт екеуінің көзі түйісіп қалған.

“Ол маған қазақша: “Жат!” деді. Алғашында түсінбедім. Қайтадан “Жат!” деп айғайлады. Қолындағы автоматтарды көрген соң, қаша жөнелдім. Артымнан бірнеше рет оқ атылды. "Аллаһу әкбар!" деген айғай да естілді. Жүгіріп бара жатып, рация арқылы теміржол полициясына хабар беруді сұрадым. “Мұнда қарулы бір ваххабит жүр” деп айттым”, – дейді Жанат Базарбеков.

Сағат 12:01-де “Бүркіт-3” экипажы дүкенге жеткен. Бірақ полицейлер келгенге дейін Қариев ұрланған көлікпен кетіп қалған. Экипаж көлік иесін бірге алып, күдіктінің соңынан Лұқманов көшесі бағытына қарай қуғынға шыққан. Осы кезде жедел басқару орталығы қаладағы барлық патрульге күдіктінің көлігі мен оның қаруланғаны туралы хабарлап үлгерген. Полицейлерге оның ескертусіз оқ атуы мүмкін екені де ескертілген. 

Кейін белгілі болғандай, Қариев “Маке” дүкеніне сұр түсті, үстінде такси белгісі бар Mazda 626 көлігімен келген. Жүргізушіні қарумен қорқытып, көлікті тартып алған. Ал қару-жарақ дүкенінен шыққан соң, теміржол өткеліне қарай жаяу бет алған.

Осылайша, қалада бірінен соң бірі бірнеше қарулы шабуыл жасалған. Алайда полицейлер алғашында оларды бірнеше адам жасады деп ойлаған. Себебі оқиғалар қаланың әр бөлігінде болып жатқан еді. 

Қарулы шабуылдан кейін полицейлерге оқ атылды

Қару-жарақ дүкеніндегі шабуылдан кейін Қариевті іздеу басталды. Оның ізіне түскен арнайы күзет бөлімінің полиция сержанттары Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсеитов күдіктіні тоқтатуға әрекеттенген. Алайда Қариев оларға оқ атып, екеуін де өлтірді. Кейін олардың қызметтік қаруын – Калашников автоматын және Макаров тапаншасын алып кеткен.

полицей
Фото: military-kz.ucoz.org

Осылайша, күдіктінің қолында дүкендерден алған қарулармен қатар, полиция қызметкерлерінің де қаруы болды. Ол кейін өзі тұратын үйге барып, сол жерден РПГ-26 гранатометін алған.

Одан соң Қариев облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына қарай бет алған. Сағат 12:17-де полицияға күдіктінің ұрланған ВАЗ көлігімен Демьян Бедный көшесі арқылы қала орталығына қарай бет алғаны туралы хабар түскен. Бұл бағытта тұрғын үйлер, ірі дүкендер мен аялдамалар орналасқан. Көлік қозғалысы да тығыз еді. Сондықтан қарулы адамның кез келген сәтте оқ атуы мүмкін болды.

Қылмыскердің қай бағытқа кеткенін полицияға теміржол өткеліндегі атысты көрген азаматтардың бірі хабарлаған. Ол тіпті өз көлігімен Қариевтің соңынан қуа бастаған. Алайда күдікті соңынан біреудің еріп келе жатқанын байқап, оның көлігіне оқ атқан. Осыдан кейін жүргізуші қуғынды тоқтатуға мәжбүр болған.

Сағат 12:18-де Таразда “Дабыл” жоспары енгізілді. Полицияның жеке құрамы түгелдей қызметке шақырылды. Теміржол өткелінде атқыланған көлікті тексеру кезінде полицейлер Қариевтің қаза тапқан қызметкерлердің бірінің автоматын алып кеткенін анықтады.

Осыдан кейін күдікті біраз уақыт полицияның назарынан тыс қалды. Сол аралықта ол облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына жетіп үлгерді.

Сағат 12:32-де Қариев Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратына гранатаатқышпен оқ атты. Граната қызметкерлердің жедел кеңесі өтуі тиіс акт залына түскен. Алайда жиын бір сағат кейінге шегерілгендіктен, ғимарат ішінде адам болмаған. Осылайша, жарылыс ешкімнің өміріне қауіп төндірмеген.

Қариев ғимаратқа автоматпен де бірнеше рет оқ жаудырған. Содан кейін көлігіне отырып, оқиға орнынан кетіп қалған. Шабуыл туралы полицияға хабар сегіз минуттан кейін ғана жеткен.

Қаладағы қарулы шабуыл қалай аяқталды?

Сағат 12:33-те Қариев Төле би көшесіндегі “Триумф” сауда үйінің маңында тағы да көзге түсті. Ол жолдан өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатуға тырысып, айналасына оқ жаудырған. Оқиғаның куәгері Ерғазы Әбді сол сәтте көлік тұрағына бұрылып бара жатқан. Ол “Триумф” сауда үйінен костюм сатып алмақ болғанын айтады.

атыс
Фото: gorodtaraz.kz

Сағат 12:37-де Тараз қалалық жедел басқару орталығына тағы бір хабар түскен. Бұл жолы екі полиция қызметкерінің жараланғаны айтылған. Куәгерлер қарулы адамның облыстық театрдың артында жүргенін хабарлаған.

“Оқ даусын естіп, аулаға шықтық. Арнайы киім киген ер адамды көрдік. Басында кино түсіріліп жатыр екен деп ойладық. Адамдар жиналып, бәрі сол жаққа қарап тұрды. Кейін жерде атты полиция қызметкерінің жатқанын байқадық”, – дейді куәгер Құттыбай Рафаилов.

Патрульдік полиция қызметкерлері қарулы адамды жолдың арғы бетінен байқаған. Бірақ көлік кептелісінен полиция машиналары оған жақындай алмаған. 

Сол кезде жеке патрульдік полиция батальонының атты взводында қызмет еткен сержанттар Данияр Құрманбаев пен Мәлік Молдақасов қылмыскерді аула ішінде қуып жетуге тырысқан. Олар оның назарын өзіне аударып, өзгелерге оқ атпауына мүмкіндік жасағысы келген. 

Осы кезде жол полициясының инспекторы Самат Алашев та оқиға орнына жеткен. Ол жағдайға араласып, полиция қызметкерлерінің өмірін сақтап қалуға көмектесті.

Сағат 12:39-да полицияның “02” кезекші бөліміне куәгерлерден толассыз қоңыраулар түсе бастаған. Олар қарулы адамның өзін тым еркін ұстап, күліп жүргенін, түсініксіз ұрандар айтып жүргенін хабарлаған. Оның әрекеттеріне қарап, әкімдік жаққа бет алғаны байқалған.

Бұл маңда ірі сауда орындары мен адам көп жиналатын жерлер орналасқан. Сондықтан полицейлер оның адам көп жүретін қиылысқа өтуіне жол бермеген. 

2011 жылы 12 қарашадағы оқиғалар шамамен екі сағатқа созылды. Бас прокуратураның сол күні жариялаған мәліметіне сәйкес, Қариевті ұстау кезінде полиция қызметкерлері оған оқ атып, жаралаған. Оны жол полициясы батальонының қызметкерлері қолға түсірді.

Алайда күдіктіні залалсыздандыру әрекеті кезінде Қариев қолындағы жарылғыш затты іске қосқан. Жарылыс салдарынан оны ұстауға тырысқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов қаза тапты. Атыс кезінде тағы бір полиция қызметкері жараланды.

Сол күнгі қарулы шабуылдардың салдарынан барлығы жеті адам – бес құқық қорғау қызметкері мен екі бейбіт тұрғын қаза тапты. Тағы бірнеше полицей жараланды.

Осы оқиғадан кейін Таразда болған шабуылдардың жай-жапсарын анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылды. Істі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бастаған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы қолға алды.

Капитан Байтасовтың соңғы шайқасы

Күдіктіні ұстау операциясына жол полициясының бірінші взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов та қатысты.

Қала көшелерінде қашып жүрген Қариев полиция көлігіне оқ атты. Байтасов көлігін тоқтатып, күдіктіге қарсы оқ жаудырды. Екеуінің арасында атыс басталды. Қариев жараланғанымен, қаруын тастаған жоқ.

Байтасов
Фото: Жамбыл облысы полиция департаменті

Капитан күдіктінің қолында граната барын байқап, оны тоқтатуға ұмтылды. Алайда көп ұзамай Қариевтің қолындағы граната жарылды. Байтасов жарылыс кезінде айналасындағы адамдарды қорғау үшін күдіктіні құлатып, гранатаны өз денесімен жабуға тырысқан.

Жарылыс салдарынан екеуі де қаза тапты. Қайғылы оқиға 2011 жылы 12 қарашада сағат 12:52-де болды.

Ғазиз Байтасовтың ерлігі ел жадында қалды. Ол қайтыс болғаннан кейін “Халық қаһарманы” атағына ие болды. Кейін оған Тараздағы “Жеңіс” саябағында ескерткіш орнатылды. 

Ал 2026 жылы Тоқаев Қазақстанда Ғазиз Байтасов атындағы награда пайда болатынын айтты. Ал Республика күніне орай Ішкі істер министрлігінде “Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов” атты ведомстволық медаль тағайындалды. Марапаттың алғашқы данасы батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға құрмет пен алғыс белгісі ретінде берілді.

Мақсат Қариев кім?

Мақсат Қариев 1977 жылы Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы Луговое ауылында дүниеге келген. Орта білім алған. Ата-анасы ажырасқан соң анасымен бірге тұрған. Мектепті бітірген соң Ақмола қаласында мерзімді әскери борышын өтеп, аға атқыш болған. Әскерде атыс қаруын қолдануды меңгерген.

теракт
Фото: mk-kz.kz

Әскерден кейін Алматы, Атырау, Көкшетау және Астана қалаларында тұрған. Көкшетауда жүрген кезінде ислам дініндегі радикалды ағымдарға қызығушылық таныта бастаған. Тергеу дерегінше, ол бірнеше рет өзіне қол жұмсау туралы айтқан. Имамдардан өзін-өзі жарып жіберу, өз түсінігіндегі “кәпірлерді” өлтіру мүмкіндігі туралы сұраған. Өміріне де, мемлекетке де көңілі толмаған. Тергеу материалдарында оның салафизмнің діни-экстремистік идеологиясын ұстанғаны көрсетілген.

Сағат 14:10-да Лұқманов пен ГРЭС көшелерінің қиылысында қаза тапқан полицейлер жатқан жерді тексеру кезінде тағы бір маңызды дерек анықталды. Қариевтің Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің екі қызметкерін – Мұхтар Қалиев пен Сергей Касьяненконы да өлтіргені белгілі болды.

Олар көліктің артқы орындығында отырған. Қарулы адам оларға алты-жеті метрден аспайтын жерден оқ атқан. 

Қылмыскерді іздеу және ұстау операциясына полицияның 252 қызметкері, 41 автокөлігі, жеті атты және 17 жаяу патрулі жұмылдырылған. Қала бойынша 10 бекет қойылып, 20 мобильді топ құрылған. Оқиға орнына жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен төтенше жағдайлар қызметі де жетті. “Арлан” арнайы жасағының жеке құрамы толық жауынгерлік әзірлікке келтірілді.

Терактіге қатысы бар адамдарға қандай үкім шықты?

Қанды шабуылдан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, Кариевтің айналасындағы адамдардың әрекеттерін де тексерді. Тергеу амалдары шамамен екі айға созылды.

2012 жылы 15 ақпанда Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс жабық режимде қаралды. Сот отырыстарына 48 куәгер қатысты.

Сол жылдың 9 сәуірінде сот бес адамға үкім шығарды. Олардың қатарында террористік топты құрған әрі басқарған Бақытжан Жаппаров та болды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Ал Лесбек Дүйсенбиев, Ерғали Зүниімов және Төлеген Забираев 18 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Оларға ұлттық және діни араздықты қоздыру, терроризмді насихаттау, террористік топ құру және басқару, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау және өткізу, теракт ұйымдастыру мен кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылды.

Терактіге қолданылған қаруды жеткізуге қатысы бар өзге адамдар да жауапқа тартылды. Қариевке танкіге қарсы гранатаатқыш сатқан Тұтқышбаев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал К. Жекібаевтың ісі жеке өндіріске бөлінді. 2012 жылы ақпанда Меркі аудандық соты оны қаруды заңсыз сақтап, сатқаны үшін алты жылға соттады.

Апелляциялық сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды

Бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеген бес сотталушының төртеуі апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қарауды сұрады. Алайда Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы Бақытжан Жаппаров, Лесбек Дүйсенбиев, Ерғали Зүниімов және Төлеген Забираевқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Осылайша, апелляциялық сатыда істі қайта қарау аяқталып, алғашқы сот шешімі күшінде қалды.

Тараздағы теракт ел жадында қалай сақталды?

2011 жылы 12 қарашадағы шабуыл салдарынан жеті адам – бес құқық қорғау қызметкері мен екі бейбіт тұрғын қаза тапты. Тағы бірнеше полиция қызметкері жараланды.

Кейін Таразда қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Мұхтар Қалиев пен Сергей Касьяненконың құрметіне ескерткіш орнатылды. Ол 2021 жылы 13 шілдеде ашылды.

Ал полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арнап кино түсірілді. 2025 жылы 23 қазанда “Капитан Байтасов” фильмінің тұсаукесері өтті.

Тараздағы теракт бір күнде болған бірнеше қарулы шабуылмен аяқталған жоқ. Оның артынан ұзақ тергеу мен сот процесі жалғасты. Ал полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың әрекеті адам өмірін қорғау жолында өз өмірін қиған ерліктің үлгісі ретінде ел жадында қалды.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Қараша, 2026 11:00