Ақтөбеде қылмыстық топ есірткі сататын интернет-дүкен үшін тәулік бойы төлем қабылдаған
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті есірткі сататын интернет-дүкен үшін төлем қабылдап, ақша аударумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу дерегінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастайтын топ құрып, оған жеті сыбайласын тартқан.
Топ мүшелері міндеттерді өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша олар тәулік бойы төлем қабылдап, ақша аударып отырған.
“Интернет-дүкен операторлары тапсырыс ақысын төлеу үшін сатып алушыларды осы айырбастау тобына бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін оларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген. Айырбастау тобы күн сайын 50-ден 70-ке дейін төлем операциясын жүргізген. Ақша қабылдау үшін өзге адамдардың — дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған. Кейін түскен ақшаны криптовалютаға айырбастап, есірткі саудасын басқаратын адамдардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударып отырған”, – делінген хабарламада.
Аударылған ақшаның жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 миллион теңгеден астам сомаға тең.
Қылмыстық әрекетті ұйымдастырған адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, 13 қазанда ресейлік рэпер Наваи Бакиров Қырғызстаннан Қазақстанға кіреберістегі “Қордай” шекара бекетінде ұсталған еді.
Полиция мен шекара қызметкерлері әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі затын тауып, тәркілеген. Осыдан кейін есірткі контрабандасына оқталу дерегі бойынша соталды тергеу басталды.
Әнші уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған. Тергеу есірткі контрабандасы мен есірткіні заңсыз сақтауға қатысты екі бап бойынша жүргізілген.
Негізі Navai 14 қазанда Астанада концерт беруі керек еді. Алайда әнші ұсталғаннан кейін концерт өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.
Бұған дейін әншінің адвокаты Рена Керимова оны кепілмен босатуға күш салып жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, Navai қамауда отырған кезінде жаңа әндер жаза бастаған.