Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай жастары мысық пен иттің орнына кірпіш "асырай" бастаған

кірпіштегі мүк
Фото: xiaohongshu.com

Қытайда күйзелістен шаршаған жастар арасында тосын әуестік пайда болды. Олар үй жануарларын асыраудың орнына кәдімгі кірпішке су бүркіп, бетіне мүк өсіреді. Желіде миллиондаған қаралым жинаған осындай үрдіс "күш жұмсамайтын эмоционалды серіктестік" деп аталып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тheguardian.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытайда күйбең тіршіліктен шаршаған жастар арасында ерекше әуестік пайда болды. Олар үй жануарларын асыраудың немесе бала тәрбиелеудің орнына кәдімгі кірпішке күтім жасап, оны "өсіре" бастаған. Мұндай ермек қатты күш жұмсамауды қажет ететін эмоционалды серіктестік деп аталып жүр.

Кірпішке күтім жасау мысық немесе ит асырағаннан әлдеқайда оңай. Оны күніне бірнеше рет сумен бүркіп қою жеткілікті. Содан кейін ауадағы мүк споралары кірпіштің бетіне жабысып, біртіндеп жасыл өсімдікке айналады. Қытайлық басылымдардың бірі мұндай кірпіштерді "өлмейтін дерлік" деп сипаттаған. Өйткені су құюды ұмытып кетсеңіз, мүк уақытша қурап, қайта суарған кезде тағы да өсе бастайды.

Weibo әлеуметтік желісіндегі осы үрдіске арналған хэштег 5 миллионнан астам қаралым жинаған. Желі қолданушылары өздерінің "кірпіш балаларының" өзгерісін суретке түсіріп, #сауығу және #стресстен арылу белгілерімен бөлісіп жүр.

мүк
Фото: xiaohongshu.com

Кейбір жастар кірпіш "асырау" өздеріне бір істі соңына дейін жеткізгендей қуаныш сыйлайтынын айтады. Xiaohongshu әлеуметтік желісіндегі бір қолданушы тот түстес кірпішінің суретін жариялап, оған ешқандай жоспар орындаудың, нәтиже көрсетудің немесе өзгелермен жарысудың қажеті жоқ екенін жазған.

Тағы бір қолданушы достары оның әрекетін түсінбей, "ақылынан адастың ба?" деп сұрағанын айтқан. Бірақ оның сөзінше, кірпіш ештеңе талап етпейді, соған қарамастан адамға досы бардай сезім сыйлайды.

"Кірпіш маған кейбір адамдармен қарым-қатынастан да сенімдірек сезім береді. Мұны психологтер "күш жұмсамайтын эмоционалды серіктестік" деп атайды. Яғни кірпіш саған серік болады, бірақ сенен махаббат пен қамқорлықты қайтаруды талап етпейді", – деп жазған ол.

Мұндай әуестіктің көбеюін Қытай жастарының бұрынғыдай қоғам талабына сай өмір сүргісі келмейтінімен байланыстырады. Қазір олардың арасында үйленіп, бала сүюге асықпайтын, күні-түні жұмыс істеп, мансап қууға құлықсыз жастар көбейген.

Ресми дерек бойынша, Қытайда студенттерді есептемегенде, 16-24 жастағы жастардың әрбір бесіншісі жұмыссыз. Оның үстіне елде бала туу көрсеткіші де былтыр рекордтық деңгейге дейін төмендеген.

Жұмыс табу қиындап, оқуда да, мансапта да бәсеке күшейген соң жастардың бір бөлігі тыныш, көп күш талап етпейтін өмірді таңдап жатыр. Қытайда мұны "жатып қалу" деп атайды. Ал кірпіш "асырау" – осы өмір салтына сай келетін ермек.

Дегенмен мұның да зияны болуы мүмкін. Қытайлық БАҚ мүк өскен кірпіште зең пайда болып, көз қышуы немесе мұрыннан су ағу сияқты аллергия белгілерін тудыруы мүмкін екенін ескертеді.

Бейжіңдегі Капитал педагогикалық университетінің мүк жөніндегі бұрынғы профессоры Ли Сюэдун кірпішті жабық жерде ұстауға кеңес берген. Сондай-ақ оны ұстағанда бір реттік қолғап пен маска кию керек екенін айтады. Осылай мүк спораларының тыныс жолдарына түсіп, теріге тиюінен сақтайды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның Ферғана қаласында көпқабатты үйдің жертөлесіне бассейн орнатып, акула өсірген тұрғын анықталды. Бұл туралы Ферғана облысының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бақылау жөніндегі аумақтық инспекциясы мәлімдеді. Пәтер иесі көпқабатты үйдің жертөлесіне заң талаптарын бұза отырып, қолдан бассейн орнатқан. Онда балық, оның ішінде акула өсірілгені анықталды. Тұрғынға әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ жертөлені 15 күн ішінде босатып, бастапқы қалпына келтіру туралы жазбаша нұсқама берілген.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 01 Қараша, 2026 18:36