Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам әйеліне ай сайын алимент төлеуге міндеттелді

алимент төлейтін ер адам
Фото: magnific.com

Жамбыл облысына қарасты Мойынқұмда екі баланың анасы күйеуінен өзін материалдық тұрғыда асырауға алимент талап етті. Сотта тараптар ортақ келісімге келіп, ер адам әйеліне ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) көлемінде төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мойынқұм ауданында әйелінің өзін асырауға алимент өндіру туралы талабы сотта медиация тәртібімен реттелді.

Ерлі-зайыптылар 2023 жылдың қыркүйегінде некеге тұрған. Олардың 2023 және 2025 жылдары туған екі баласы бар. Әйелдің айтуынша, жұбайы оны материалдық тұрғыда қолдамаған. Кіші баласына күтім жасауына байланысты ол баласы үш жасқа толғанға дейін ай сайын 25 айлық есептік көрсеткіш (108 125 теңге) көлемінде алимент төлеуді талап еткен.

Соттың татуластыру рәсімдерін жүргізуден соң тараптар өзара келісімге келген.

Келісім бойынша ер адам әйеліне ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (43 250 теңге) алимент төлейтін болды. Төлемдер кіші баласы үш жасқа толатын 2028 жылдың қазанына дейін жалғасады.

Сот тараптардың келісімін бекітіп, азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтатты. Ұйғарым заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ер адам бұрынғы әйелін балалары 18 жасқа толғанша асырауға міндеттелген еді. Ұлытау облысы сотының ресми Telegram-каналындағы мәліметке сәйкес, бұл азаматтық істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарастырған. Істе бұрынғы зайыбы екі ортақ баласына қамқорлық жасап отырғаны және олардың ІІ топтағы мүгедектігі бар екені көрсетілген. Әйел табысы жоқ болғандықтан, бұрынғы күйеуінен материалдық көмек сұраған. Алайда ер адам оған қаржылай қолдау көрсетуден бас тартқан. Бұған байланысты әйел сотқа жүгініп, 2025 жылы 47 184 теңгеге тең келетін 12 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде алимент тағайындауды сұрады. Ол бұл көмекті балалары 18 жасқа толғанға дейін алғысы келген. Сот отырысында арыз иесі өз талабында табандылық танытты. Ал жауапкер – оның бұрынғы күйеуі, соттан талап арызды қанағаттандырмауды сұрады. Алайда сот әйелдің пайдасына шешім шығарып, ер адамға ай сайын 12 АЕК көлемінде алимент төлеуді міндеттеді. Төлемдер балалардың мүгедектік мерзімі аяқталатын 2026 жылдың 27 қарашасына дейін жалғасады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 15:48