Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылдан бастап жәрдемақы алатындардың банк аударымдары мен төлемдері тексеріле ме

әлеуметтік жәрдемақы
Фото: magnific.com

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді. Енді мемлекеттік қолдау отбасының әл-ауқат деңгейіне қарай көрсетіледі. Осыған байланысты қазақстандықтар арасында банк аударымдары, күнделікті сатып алулар мен жеке шығындар бақылауға алына ма деген сұрақ туындады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жүйе сатып алулар мен ақша аударымдарын бақылай ма?

Министрлік Цифрлық отбасы картасы арқылы азаматтардың барлық сатып алуы, туыстары мен достарына жасаған аударымдары және күнделікті шығындары бақыланбайтынын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, жүйе азаматтардың жеке банк үзінділеріне қол жеткізе алмайды және дүкендердегі чектерді қадағаламайды.

Отбасының әл-ауқатын бағалау үшін банктер жеке деректер көрсетілмейтін, ірілендірілген және шифрланған көрсеткіштерді қалыптастырады. Жүйеге нақты ақша сомалары мен операциялар емес, шоттардағы орташа күндік қалдық, депозиттер және шығындардың жекелеген санаттары бойынша белгілі бір аралықтар ғана беріледі.

Есептеу кезінде тиісті аралықтың төменгі шегі қолданылады. Бағалау әр адамға жеке емес, отбасы мүшелерінің жиынтық жағдайына қарай жүргізіледі.

Министрлік күнделікті банк карталарындағы шағын сомалар, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған сатып алулар мен ақша аударымдары қорытынды бағалауға әсер етпейтінін атап өтті. Сондай-ақ "Отбасы банкіндегі" тұрғын үй жинақтары есептеу кезінде нөлге теңестіріледі.

Пәтер немесе көлігі болғаны үшін жәрдемақыдан айыра ма?

Еңбек министрлігі отбасының жалғыз баспанасы немесе күнделікті қажеттілікке пайдаланатын автокөлігінің болуы өздігінен әлеуметтік көмекті тоқтатуға негіз болмайтынын түсіндірді.

Жүйе отбасының материалдық жағдайын бірнеше фактор бойынша кешенді түрде бағалайды.

Мәселен, шығарылғанына 20 жылдан асқан автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасы есепке алынбайды. Мұндай тәсіл апатты жағдайдағы тұрғын үйлерге де қолданылады.

Ал қабырғасының материалына қарай 15 жылдан асқан тұрғын үйлерге, сондай-ақ банк кепілінде тұрған жалғыз баспанаға төмендету коэффициенттері қарастырылған.

Сонымен қатар отбасының бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, қымбат автокөліктері, коммерциялық ғимараттары, жұмыс істеп тұрған бизнесі және бес гектардан асатын ірі жер учаскелері болса, бұл жағдайлар әл-ауқатты бағалау кезінде ескерілуі мүмкін.

Жүйе отбасының ипотека төлемдерін, несие бойынша ұзақ мерзімді мерзімі өткен берешегін, балалар мен қарт туыстарын асырауға жұмсайтын шығындарын да назарға алады. Сондай-ақ мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы ауруға шалдыққан отбасы мүшелерінің жағдайы ескеріледі.

2027 жылдан бастап қандай төлемдер сақталады?

Әлеуметтік көмекті мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындаудың жаңа тәртібі мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақыларға әсер етпейді.

Бұл мемлекеттік базалық жәрдемақыларға да, сақтандырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдерге де қатысты. Отбасының материалдық жағдайына қарамастан, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босану, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты сақтандыру төлемдері жалғаса береді.

Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап әйелдер өз қалауы бойынша жұмысқа шығып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты алып отырған төлемін толық көлемде сақтай алады.

Отбасының әл-ауқатына берілген бағаны өзгертуге бола ма?

Министрліктің түсіндіруінше, отбасының мәртебесі автоматты түрде қалыптасып, ай сайын жаңартылып отырады. Мемлекеттік орган қызметкерлері бағалау нәтижесін өз бетінше өзгерте алмайды.

Егер жүйеде ескірген мәліметтер көрсетілсе, мысалы, сатылып кеткен көлік немесе жабылған жеке кәсіпкерлік әлі де есепте тұрса, азамат тұрғылықты жері бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуі керек. Одан кейін ақпаратты тиісті мемлекеттік органда жаңарту қажет.

Қазірдің өзінде жәрдемақы алушылар eGov Mobile қосымшасындағы арнайы калькулятор арқылы отбасының әл-ауқатына берілген алдын ала бағалауды тексере алады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 15:22