Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бойжеткен төрт жыл бойы бір күнді қайта-қайта бастан өткерген

Бойжеткен
Фото: Farknot Architect / Shutterstock / Fotodom

АҚШ-та миы шайқалған бойжеткен ерекше есте сақтау қабілетінің бұзылуына байланысты төрт жылдан астам уақыт бойы әр таңын 2017 жылдың 13 қазаны деп қабылдап оянған. Жарақат салдарынан ол жаңа оқиғаларды есінде сақтай алмай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі FOX8-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Кейтлин Литтл есімді бойжеткен 2017 жылғы 12 қазанда мектептегі жүгіру жаттығуы кезінде жарақат алған. Оқушылардың бірі әзілдеп басқа қызды итеріп жіберген. Сол сәтте қыздардың бірі абайсызда Кейтлиннің самайын маңдайымен соғып алған.

Дәрігерлер бойжеткеннің миы қатты шайқалғанын анықтаған. Осы оқиғадан кейін оның есте сақтау қабілеті бұзылып, жаңа ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтай алмайтын жағдайға жеткен.

Салдарынан Кейтлин төрт жылдан астам уақыт бойы әр таң сайын оянғанда өзін 2017 жылғы 13 қазанда жүргендей сезінген. Яғни ол жарақат алған күннің ертеңінде қалып қойғандай өмір сүрген.

Қыздың ата-анасы осы жылдар ішінде талай дәрігердің көмегіне жүгінген. Алайда мамандар оның ерекше жағдайының себебін анықтап, тиімді ем ұсына алмаған. Тіпті дәрігерлердің бірі бойжеткен өзін әдейі осылай көрсетіп жүр деп күмәнданған.

Қыздарының жағдайына алаңдаған ата-анасы ақыры журналистерден көмек сұрайды. Кейтлиннің оқиғасы телеарна арқылы көрсетілгеннен кейін оның жағдайына түрлі сала мамандары назар аудара бастаған.

Олардың көмегімен 2022 жылы бойжеткеннің денсаулығы біртіндеп жақсарған. Ол қайтадан жаңа оқиғаларды есте сақтай бастағанымен, бұрынғы естеліктерінің бір бөлігі сол күйі қалпына келмеген.

Арада бірнеше жыл өткен соң Кейтлиннің өмірінде тағы бір қуанышты оқиға болған. 2026 жылғы қазанда ол тұрмысқа шыққан. Қызының ауыр кезеңнен өтіп, отбасын құрғанына ата-анасы ерекше қуанған. Өйткені олар бірнеше жыл бойы Кейтлиннің денсаулығын қалпына келтіру үшін күресіп, үнемі жанынан табылған. Бойжеткеннің айтуынша, ата-анасының табандылығы мен қолдауы оған қиындықтарға мойымауды үйреткен.

Осылайша төрт жылдан астам уақыт бойы есте сақтау қабілетінің бұзылуымен күрескен Кейтлин бүгінде өмірінің жаңа кезеңін бастап отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 13:50