"Қыруар қаржы бөлінсе де, отандық өнімнің үлесі мардымсыз": Дәния Еспаева министрліктер мен "Самұрық-Қазынаны" сынға алды
Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың есептерінде көрсетілген жетістіктер шынайы жағдаймен сәйкес келе бермейтінін айтып, қыруар қаржы жұмсалғанымен, қазақстандық кәсіпорындардың әлі де өз нарығынан орын таба алмай отырғанына назар аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет сағатында сөз алған Дәния Еспаева Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жұмысына тоқталып, отандық тауар өндірушілер тізілімінің нақты экономикалық пайдасына күмән келтірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жаңа цифрлық жүйелер мен өндірістік жобалар туралы есеп бергенімен, жергілікті зауыттар ұзақ мерзімді тапсырыс пен қажетті шикізатқа қол жеткізуде әлі де қиындық көріп отыр.
"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірушілер пулын қалыптастырып, цифрлық тізілімдерді іске қосқанын хабарлайды. Бірақ тауар өндірушілер тізілімі қарапайым құрастыру мен өнімді терең өңдеп шығарудың аражігін әлі күнге дейін ажырата алмаса, оның экономикаға нақты қандай пайдасы бар? Отандық зауыттар ұзақ мерзімді тапсырыссыз және негізгі шикізатсыз қалып отыр", – деді Дәния Еспаева.
Депутат энергетика саласындағы сатып алуларға да ерекше тоқталды. Оның сөзінше, мұнай-газ компаниялары мен ірі шикізат өндірушілер жыл сайын триллиондаған теңгеге тауар сатып алғанымен, сол қаражаттың аз ғана бөлігі қазақстандық өнім өндірушілерге тиіп отыр. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта мұнай-газ секторындағы сатып алуларда отандық тауарлардың үлесі небәрі 21% болса, қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компанияларда бұл көрсеткіш 17%-дан аспаған.
"Энергетика министрлігі мен ірі шикізат компаниялары триллиондаған теңгенің сатып алуы туралы есеп береді. Бірақ осындай қыруар қаржының ішінде қазақстандық тауарлардың үлесі неге соншалықты төмен? Біз ондаған жыл бойы өзіміз өндіре алатын арматураны, сорғылар мен кабельдерді шетелден сатып алуды жалғастырып келеміз. Мұның бәрін отандық кәсіпорындар шығара алар еді", – деді ол.
Еспаеваның сынынан Ауыл шаруашылығы министрлігі де тыс қалған жоқ. Оның пікірінше, ведомство мол өнім мен жеңілдетілген субсидиялар туралы есеп бергенімен, аграрлық сектордың шетелдік технологиялар мен импорттық құрамдас бөлшектерге тәуелділігі әлі де жоғары. Бұл отандық өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың түпкі нәтижесі туралы сұрақ туғызады.
Ал "Самұрық-Қазына" қорына қатысты депутаттың негізгі сыны сатып алу жүйесінің күрделілігі мен жеке кәсіпкерлерге жасалатын жағдайға байланысты болды.
"Самұрық-Қазына" қоры импортты алмастырудың ауқымды бағдарламаларын ұсынып келеді. Бірақ жеке бизнес неге жылдар бойы сатып алу рәсімдерінің күрделі жүйесінен өте алмай жүр? Кәсіпкерлер түсініксіз себептермен берілетін бас тартуларға тап болады. Ал ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттардың орнына кейде корпоративтік көрсеткіштерді орындау үшін ғана қысқа мерзімді шарттар жасалады", – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.
Оның пікірінше, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қаржы құралдары да барлық бизнеске бірдей қолжетімді емес.
"Бәйтерек" холдингі мен даму институттары бизнеске берілетін инвестициялық жеңілдіктер туралы есеп береді. Алайда жобаларды іріктеудегі жоғары талаптарға байланысты бұл құралдар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың едәуір бөлігі үшін іс жүзінде қолжетімсіз болып отыр", – деп қосты Дәния Еспаева.
Еспаева көтерген тағы бір мәселе – отандық кәсіпорындардың өнімін өткізетін тұрақты нарықтың болмауы. Оның пайымынша, Қазақстанда өндірісті дамытуға мүмкіндік болғанымен, ірі компаниялар қажетті тауарларды шетелден сатып алуды жалғастырып келеді. Соның салдарынан еліміздегі бизнесті дамытуға жұмсалуы мүмкін қаражат сыртқы нарыққа кетіп жатыр.
Депутат мемлекеттік қолдау бағдарламаларының нәтижесін тек бөлінген қаржы немесе іске қосылған жобалар санымен емес, қазақстандық кәсіпорындардың нақты қанша тапсырыс алғанымен және отандық өнімнің нарықтағы үлесімен бағалау қажеттігін де алға тартты.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген 1,1 миллиард теңге субсидияны жымқыру дерегі анықталған еді. Тергеу мәліметінше, күдікті өз бақылауындағы бірнеше компания арқылы жаңбырлатып суаруға арналған 81 қондырғыны сатып алуға мемлекеттік қолдау алған. Алайда оның 37-сі іс жүзінде жеткізілмегеніне қарамастан, құжат жүзінде толық орнатылған болып көрсетілген. Қазір күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
