Ондаған жыл бойы оқшау өмір сүрген тайпа мүшелері орманнан шығып, жұрттан тамақ сұрады
Бразилияда сыртқы әлеммен байланыс орнатпай, Амазония ормандарында оқшау өмір сүріп келген ава тайпасының өкілдері елдімекенге келіп, жергілікті тұрғындардан азық-түлік сұрады. Ондаған жыл бойы адамдармен араласудан қашып келген тайпа мүшелерінің бұл әрекеті көпшілікті таңғалдырды. Оқиға видеоға түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 16 қарашада Бразилияның Мараньян штатындағы Арарибоия байырғы халықтар аумағында болған. Шамамен 20 адамнан тұратын топ орманнан шығып, Тавари ауылындағы гуажажара халқының өкілдеріне жақындаған. Олардың арасында ер адамдар, әйелдер мен балалар болған.
Жергілікті тұрғын түсірген бейнежазбада тайпа мүшелерінің орманнан шыққан сәті көрінеді. Кейбір ер адамдардың қолында садақ, жебе мен аңшылыққа арналған найза болған.
Ава тайпасының өкілдері ауыл тұрғындарынан тамақ сұраған. Гуажажара халқы оларға ямс деп аталатын жеуге жарамды тамыржеміс берген. Азық-түлік алған топ көп ұзамай қайтадан орманға оралған.
Байырғы халықтардың құқығын қорғайтын Survival International халықаралық ұйымы бұл оқиғаны тарихи әрі алаңдатарлық жағдай деп бағалады. Ұйым мәліметінше, сыртқы әлеммен байланыс орнатпайтын ава тайпасының осыншама көп өкілі бұрын-соңды елдімекенге дәл осылай жақындамаған.
Алайда олардың неліктен орманнан шыққаны әзірге белгісіз. Құқық қорғаушылар бұл жағдайды азық-түлік тапшылығымен және тайпа мекендейтін аумақтың жылдан-жылға тарылуымен байланыстыруы мүмкін екенін айтады.
Мамандардың мәліметінше, кейінгі жылдары заңсыз ағаш кесушілер, аңшылар мен мал шаруашылығымен айналысатын адамдар ава халқының байырғы жерлеріне барған сайын тереңдей еніп жатыр. Соның салдарынан орман алқаптары азайып, жергілікті халықтың дәстүрлі тіршілік ету мүмкіндіктеріне қауіп төнген.
Ава халқы негізінен аңшылықпен және орманнан азық жинаумен күн көреді. Сондықтан табиғи ортаның бұзылуы олардың өміріне тікелей әсер етуі мүмкін.
Survival International ұйымы ава халқын жері мен тіршілік ортасына төнген қауіп тұрғысынан әлемдегі ең осал байырғы халықтардың бірі деп санайды.
Оқиғадан кейін Бразилияның байырғы халықтар ісі жөніндегі ұлттық қоры жағдайды бақылауға алып, арнайы қорғау жоспарын іске қосты. Мамандар тайпа мүшелерінің денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерді де бағалап жатыр. Өйткені сыртқы әлеммен байланысы шектеулі халықтар бұрын кездеспеген жұқпалы ауруларға әсіресе осал келеді.
Бразилия билігі ава халқының оқшау өмір сүру құқығын құрметтеу қажетін атап өтті. Мамандар олардың елдімекенге бір рет келуі сыртқы қоғаммен тұрақты байланыс орнатуға дайын екенін білдірмейді деп санайды.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
