Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Flydubai ұшағын терактіден кейін аман алып қалған ұшқыштардың есімі белгілі болды

ұшқыштар, Стивен мен Тут
Фото: Emirates News Agency -- WAM

Flydubai ұшағында екінші ұшқыш командирге балтамен шабуыл жасап, борттағы 172 адамның өміріне қауіп төндірген. Сол сәтте жолаушылар шабуылдаушыны тоқтатып, ал қосалқы ұшқыштар басқаруды қолға алып, лайнерді аман-есен қондырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі timesofisrael.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі Flydubai әуе компаниясының Дубай – Тель-Авив бағытындағы ұшағын апаттан аман алып қалған екі ұшқыштың есімін жариялады. Олар Фиджи азаматы Хенсон Стивен мен Оңтүстік Африка Республикасының азаматы Роуэн Тут. Екеуі де оқиға кезінде ұшақта қосалқы ұшқыш ретінде болған.

Ұшақта болған екінші ұшқыш Хамам әл-Хаммами әуе балтасымен командир Смит Маччхарға шабуыл жасаған. Жолаушылар шабуылдаушыны залалсыздандырғаннан кейін Стивен мен Тут басқаруды өз қолдарына алып, ұшақты Сауд Арабиясына сәтті қондырған.

27 қазанда өткен марапаттау рәсімінде БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян оларға және экипаждың өзге де мүшелеріне ерлігі мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін бірінші дәрежелі Заид II орденін табыстады. Мұндай марапат елдің жоғары азаматтық наградаларының бірі. Әдетте ол дипломаттар мен жоғары лауазымды тұлғаларға беріледі.

Flydubai ұшағындағы оқиға 30 қыркүйекте болған. Екінші ұшқыш, Оман азаматы Хамам әл-Хаммами борт командирін өлтіріп, ішінде 172 адам болған лайнерді жерге бағыттауға әрекеттенген.

Ұшақ әуеде алдымен апаттық дабыл, кейін басып алу туралы сигнал берген. Сауд Арабиясының үстінен ұшып бара жатқанда лайнер 10,4 шақырым биіктіктен 5,2 шақырымға дейін күрт төмендеген. Кейін Иордания үстінен бұрылып, Табук қаласына қарай бағыт алған.

БАӘ бас прокурорының мәліметінше, әл-Хаммами кінәсін мойындаған. Ол Бен-Гурион әуежайында теракт жасауды жоспарлағанын және жалғыз әрекет еткенін айтқан. Прокуратура оның 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған терактілерден шабыт алғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы әуеде басып алу белгісін бергені туралы жазған едік. Ұшақ қонар кезде экипаж алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін заңсыз араласу немесе ұшақты басып алу қаупін білдіретін 7500 кодын жіберген.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 01 Қараша, 2026 20:22