Flydubai ұшағының екінші ұшқышы экстремистік көзқарасына байланысты жұмыстан шығарылған – CNN
Тель-Авивке ұшып бара жатқан Flydubai ұшағында екінші ұшқышқа шабуыл жасады деген күдікке ілінген Оман азаматының әлеуметтік желідегі парақшаларынан "Әл-Каида" жетекшілерінің суреттері мен радикалды мазмұндағы жазбалар анықталған. Күдікті бұған дейін экстремистік көзқарасына байланысты Oman Air-дегі ұшу дайындығынан шеттетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN порталына сілтеме жасап хабарлайды.
30 қыркүйекте Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында басқа ұшқышқа шабуыл жасады деген күдікке ілінген екінші ұшқыштың әлеуметтік желідегі аккаунттарынан экстремистік мазмұндағы материалдар табылған.
CNN дереккөздері мен Израиль шенеунігінің мәліметінше, күдіктінің аты-жөні — Оман азаматы Хамам әл-Хаммами. Ол БАӘ-де Оман азаматы әкесі мен Сирия азаматы анасынан туған. Өмірінің бірнеше жылын Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізген.
Күдікті бұған дейін Oman Air әуе компаниясында жеті жыл жұмыс істеген. 2025 жылдың ақпанында компаниядан кеткен. Сол жылдың маусымында Royal Air Maroc-қа жұмысқа орналасып, 2026 жылдың қаңтарына дейін қызмет атқарған. Кейін Flydubai компаниясында сегіз ай жұмыс істеген.

CNN-ге дереккөздердің бірі әл-Хаммамидің өткен жылы экстремистік көзқарасына байланысты ұшу дайындығынан шеттетілгенін айтты. Алайда оған Oman Air ішінде басқа қызмет ұсынылған.
Әлеуметтік желіден не табылды?
Күдіктінің кейін өшірілген LinkedIn парақшасында небәрі екі жазба болған. Екеуі де оқиғадан шамамен тоғыз сағат өткен соң жарияланған.
Жазбалардың бірінде Boeing 737 Max ұшағының кабинасында түсірілген видеолар болған. Кадрларда Израильдің El Al және Arkia әуе компанияларына тиесілі ұшақтар да көрсетілген.
Видео соңында "Әл-Каида" ұйымын басқарған Айман әл-Зауахиридің және 2009 жылы Ауғанстандағы жанкештілік шабуылда тоғыз адамның, оның ішінде жеті америкалық барлау қызметкерінің өліміне себеп болған Хумам Халил Әбу-Мулал әл-Балавидің суреттері көрсетілген.
Екінші жазбада Мекке, Мәдина және Иерусалимдегі исламның үш қасиетті мекенін байланыстыратын жасанды интеллект арқылы жасалған сурет жарияланған. Артқы фонда өлімнен қорықпау және қорлыққа мойынсұнбау туралы өлең оқылған.
Осы видеолар күдіктінің аты мен суреті бар Instagram парақшасында да жарияланған. Кейін бұл аккаунт та өшірілген.
CNN-нің өшірілген Twitter аккаунтына жасаған талдауында әл-Хаммамидің діндар әрі әйелдерге қатысты радикалды көзқарастар ұстанғаны айтылған. 2021–2022 жылдары жарияланған 3 мыңға жуық жазбасында ол әйелдердің жұмыс істеуіне, ерлер мен әйелдердің бірге еңбек етуіне қарсы пікірлер білдірген.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху күдікті "исламшыл радикалды идеологияның ықпалына түскен болуы мүмкін" екенін айтқан.
Ұшақтағы шабуыл
БАӘ Бас прокуроры Хамад Саиф әл-Шамсидің мәлімдеуінше, күдікті кабинада әріптесіне балтамен шабуыл жасап, ұшақты басқаруға әрекет жасаған. БАӘ-нің WAM мемлекеттік агенттігі бұл әрекетті "террористік акт жасау әрекеті" деп хабарлады.
Ұшақ Сауд Арабиясына шұғыл қонғаннан кейін күдікті сол елде жауап алынған. Тергеуге Израиль өкілдері де қатысқан.
Оқиғаға байланысты БАӘ билігі тергеу жүргізіп жатыр. Ал Израиль тарапы Оман азаматының қатаң авиациялық қауіпсіздік талаптарына қарамастан Тель-Авивке ұшатын рейстің экипажына қалай қосылғанын анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы әуеде басып алу белгісін бергені туралы жазған едік. Ұшақ қонар кезде экипаж алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін заңсыз араласу немесе ұшақты басып алу қаупін білдіретін 7500 кодын жіберген.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы