Кісі өлтірді деп айыпталған ер адам кінәсін чизстейк үшін мойындамақ болған
АҚШ-та 74 жастағы Роберт Кесслер танысын өлтіріп, денесін бөлшектеді деп айыпталып отыр. Сотта ол кінәсін мойындауға дайын екенін айтып, есесіне филадельфиялық чизстейк, қуырылған картоп пен Pepsi сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі people.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-тың Флорида штатында танысын өлтіріп, денесін бөлшектеді деп айыпталған 74 жастағы Роберт Кесслер сотта кінәсін мойындауға дайын екенін айтқан. Алайда ол мұны филадельфиялық чизстейк сэндвичі, қуырылған картоп пен Pepsi сусынына айырбастауды ұсынған.
Кесслердің құрбаны 47 жастағы Стефани Кроун-Оверолт. Әйел жоғалып кетерден бірнеше күн бұрын ер адам мен оның қызының үйінде қонақта болған. Кейін Кесслердің қызы екеуінің жанжалдасып қалғанын, тіпті Стефанидің үйден кету үшін ер адамнан ақша сұрағанын айтқан.
2021 жылдың қарашасында балықшылар шығанақтан әйелдің дене қалдықтарын тапқан. Кейін кемінде үш адам Кесслердің суға қоқыс салынған пакеттерді лақтырғанын көргені анықталды. Полиция тексеру барысында пакеттердің ішінде Стефанидің дене қалдықтары болғанын анықтаған.
Сот отырысында Кесслер кінәсін мойындауға дайын екенін, бірақ ол үшін өзіне филадельфиялық чизстейк, фри картобы мен Pepsi беру керегін айтқан. Алайда судья мұндай шартқа келісе алмайтынын мәлімдеген.
Еске салайық, бұған дейін Max Factor косметика брендінің мұрагері Эндрю Ластер 2003 жылы үш әйелді зорлағаны үшін 124 жылға сотталғанын жазған едік. Ол сотқа дейін Мексикаға қашып кеткен, бірақ кейін ұсталып, жазасын өтеуге жіберілген. Арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде Ластер түрмеден босап шықты. Оның бостандыққа шығуына жәбірленушілер мен прокурорлар қарсы болған.