Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш әйелді зорлап, 124 жылға сотталған ер адам жиырма жылдан кейін бостандыққа шықты

Эндрю Ластер
Фото: Frederick M. Brown/Getty

АҚШ-та үш әйелді зорлағаны үшін бастапқыда 124 жылға бас бостандығынан айырылған Эндрю Ластер түрмеден босап шықты. Max Factor косметика брендінің негізін қалаушының шөбересі қазір 62 жаста. Оның босатылуына жәбірленушілер мен прокуратура бірнеше рет қарсылық білдірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі PEOPLE-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Ластердің Калифорния штатындағы Глендора қаласына қоныстанғаны туралы ақпараттан кейін қала мэрі Дэвид Фредендалл мәлімдеме жасады. Ол мұндай қылмыс жасаған адамның тұрғындар арасына оралуын қабылдай алмайтынын айтып, штат билігінен түсініктеме талап етті.

Үйінен қылмысын дәлелдейтін бейнежазбалар табылған

Ластер алғаш рет 2000 жылғы шілдеде ұсталған. Оған жергілікті студент қыз шағымданып, ер адамның өз үйінде зорлағанын айтқан.

Тергеушілер оның үйін тінту кезінде әйелдерге есінен тандыратын зат беріп, жыныстық зорлық көрсеткенін дәлелдейтін бейнежазбалар тапқан. Іс бойынша үш әйел жәбірленуші деп танылып, Ластерге 86 тармақ бойынша айып тағылған.

Сот процесі жүріп жатқанда ол Мексикаға қашып кеткен. Соған қарамастан іс қаралып, 2003 жылы сот оны сырттай кінәлі деп таныған. Бастапқы үкім бойынша Ластер 124 жыл түрмеде отыруға тиіс еді. Сол жылғы маусымда ол Мексиканың Пуэрто-Вальярта қаласында ұсталған.

Эндрю Ластер
Фото: Nick Ut/AFP/Getty

Жәбірленушілер оны босатуға қарсы болған

2013 жылы сот Ластердің жаза мерзімін қайта қарап, 50 жылға қысқартқан. Прокуратура бұл шешімге де қарсылық білдірген.

2024 жылғы тамызда арнайы комиссия оны мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға келісім берген. Алайда үш жәбірленуші де отырысқа қатысып, бұған қарсы шыққан. Прокуратураның шағымынан кейін комиссияның шешімі жойылған.

2025 жылы Ластерді босату мәселесі қайта көтерілгенде де прокурорлар оның қоғамға әлі қауіп төндіретінін мәлімдеген. Істі жүргізген прокурор Энтони Уолдтың айтуынша, сотталған адам өз әрекетінің ауырлығын жеңілдетіп көрсетуге тырысқан.

“Ол жазасын толық өтеуге тиіс деген ұстанымымыздан айнымаймыз”, – деген Уолд.

Эндрю Ластер
Фото: Ventura County Sheriff's Department/Getty

Билік оның босатылуын қалай түсіндірді?

NBC Los Angeles мәліметінше, Ластер 2026 жылғы 11 қазанда түрмеден шыққан. Калифорнияның түзеу мекемелері және оңалту департаменті оның босатылуын мерзімінен бұрын босату деп есептемейтінін мәлімдеді.

Ведомство мұны Ластер заң бойынша есептелген жаза мерзімін өтеді деп түсіндірді. Есепке үкім шыққанға дейін қамауда отырған уақыты, сондай-ақ түрмедегі еңбегі мен тәртібіне байланысты мерзімді қысқартуға мүмкіндік беретін жеңілдіктер алынған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол бақылауда болады.

Ал Глендора мэрі бұл түсініктемемен келіспейтінін білдірген. Ол бастапқыда 124 жылға сотталған адамның жиырма жылдан астам уақыттан кейін босап шығуы тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтеді деп санайды. Мэр бұл жағдайды Калифорнияда жаза мерзімін есептеу мен шартты түрде босату тәртібін өзгерткен Proposition 57 бастамасымен байланыстырып отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 23:44