Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жеті жасар қызды қағып, мерт қылған жүргізуші мерзімінен бұрын босап шықты

Жеті жасар қызды жүк көлігі қаққан сәт
Фото: Видеодан скрин

Алматыда жаяу жүргіншілер өткелінде жеті жасар Айзере Ибраеваны қағып, мерт қылған жүк көлігінің жүргізушісі мерзімінен бұрын босап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің анықтау басқармасы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жүк көлігінің жүргізушісі 66 жастағы шетел азаматы ұсталған. Алайда Айзеренің отбасы ол қызды байқамай қалды деп есептеп, көрінбейтін аймақта болғандықтан, автобус жүргізушісін де жауапкершілікке тартуды талап еткен.

Сот жүк көлігінің жүргізушісін Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі “Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу” бойынша кінәлі деп танып, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар, оған көлік құралын басқару құқығынан 5 жылға айыру жазасы тағайындалды.

Тараптар сот шешіміне шағымданғанымен, үкім өзгеріссіз қалды. Апелляциялық сот тек моральдық және материалдық шығынды өтеу бөлігін түзетті. Бастапқыда ата-анасы 18,2 млн теңге талап етсе, апелляция оны 5,5 млн теңгеге дейін азайтты.

Жақында жүк көлігінің жүргізушісінің адвокаты Камилла Думчебаева қорғауындағы азаматтың босап шыққанын хабарлады.

“Балаға бас-көз болмаған туыстары да, кенет шыққан автобус жүргізушісі де сынның астында қалған еді. Бірақ тек жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершілік арқалады. Ол 2 жыл 6 айға сотталған еді, бір жылын колонияда өткізді, ал бүгін жазасы айыппұлмен алмастырылғандықтан босап шықты”, — деді адвокат.

Айыппұлдың нақты мөлшері әзірге жарияланған жоқ.

Еске салсақ, Алматыда жүк көлігі жеті жасар қызды қағып кеткені туралы хабарлаған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 21:30