Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Navai ісі жабылды: Рэпер Қазақстанға қайта кіре алады ма

Наваи рэпер
Фото: Известия/Кристина Кормилицына

Рэпер Navai Қазақстанда сотталмайтын болды. Алайда қылмыстық істің тоқтатылуы оның кінәсіз деп танылғанын білдірмейді. Заңгер Сергей Жорин әртістің ісі немен аяқталғанын және оның Қазақстанда концерт өткізетін болса қандай қиындықтар болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заңгер Super басылымына берген сұхбатында Жамбыл облысының полициясы қылмыстық істің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатқанын айтты. Наваи Бакировтың құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және өз кінәсін мойындап, өкінгені ескерілген. Прокуратура бұл шешімді мақұлдаған.

Сондықтан Қазақстанда оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. 

“Алайда бұл оның ақталғанын немесе кінәсіз деп танылғанын білдірмейді. Сонымен қатар соттың айыптау үкімі шықпағандықтан, бұл іс бойынша оның соттылығы жоқ", – деді Серге Жорин.

Қазақстанда концерт бере ала ма?

Navai-дың Қазақстанға қайта келу-келмеуі оны елден шығару туралы шешімнің қалай қабылданғанына байланысты болмақ.

“Халықтың көші-қоны туралы" заңның 48-бабына сәйкес, сот шешімімен елден шығарылған шетел азаматтарына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынады. Бұл мерзім елден шығару туралы шешім орындалған күннен бастап есептеледі”, – деп түсіндірді заңгер.

Оның сөзінше, егер Бакировты елден шығару туралы шешімді сот қабылдаған болса, ол алдағы бес жылда Қазақстанға келе алмайды. Яғни, концерт те өткізе алмайды.

Navai не үшін ұсталды?

Еске салайық, 13 қазанда ресейлік рэпер Наваи Бакиров Қырғызстаннан Қазақстанға кіреберістегі “Қордай” шекара бекетінде ұсталған еді.

Полиция мен шекара қызметкерлері әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі затын тауып, тәркілеген. Осыдан кейін есірткі контрабандасына оқталу дерегі бойынша соталды тергеу басталды.

Әнші уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған. Тергеу есірткі контрабандасы мен есірткіні заңсыз сақтауға қатысты екі бап бойынша жүргізілген. 

Негізі Navai 14 қазанда Астанада концерт беруі керек еді. Алайда әнші ұсталғаннан кейін концерт өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.

Бұған дейін әншінің адвокаты Рена Керимова оны кепілмен босатуға күш салып жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, Navai қамауда отырған кезінде жаңа әндер жаза бастаған. 

Navai туралы не белгілі?

Наваи Бакиров – әзірбайжанның ресейлік әншісі әрі рэпер. Ол HammAli & Navai дуэтінің құрамында кеңінен танылды.

Өнер иесінің “Пустите меня на танцпол”, “Прятки”, “Девочка-война” сияқты әндері тыңдарман арасында танымал. Сондай-ақ ол қазақстандық әнші Jah Khalib-пен бірге шығармашылық жобаларға қатысқан.

Әншінің Қазақстанда ұсталуына байланысты Қырғызстанда да тексеру басталған. Қырғыз тарапы есірткі заты бар көліктің шекарадан қалай өткенін анықтауға кіріскен.

Сонымен қатар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы әншінің ұсталу мән-жайын ресми түсіндіруді сұрап, қазақстандық тарапқа нота жолдаған. СІМ мұндай дипломатиялық сауал жолдаудың қалыпты рәсім екенін мәлімдеген. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 09:07