Ресейлік рэпер NAVAI Қазақстан шекарасында есірткімен ұсталды
Қазақстанда есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдікпен шетелдік әнші Navai ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" өткізу пунктінде полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, NAVAI лақап атымен танымал шетелдік азаматты ұстаған.
Әнші мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленді.
“Аталған дерек бойынша есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде”, – делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін 14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуі керек болғаны хабарланған еді. Алайда ұйымдастырушылар техникалық себептерге байланысты іс-шараның тоқтатылғанын немесе белгісіз мерзімге шегерілгенін мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, әнші 12 қазанда Бішкекте концерт беріп, кейін көлікпен Қазақстанға бет алған. Көлікті әншінің өзі жүргізген.
Шекарадағы тексеру барысында жүргізуші орындығының қалтасынан жасыл түсті зат табылған. Кейін оның "марихуана" екені анықталған.
Көлікте әншімен бірге тағы екі адам болған. Үшеуі де ұсталып, полиция қызметкерлеріне тапсырылған.
Еске салсақ, бұған дейін танымал асаба Сабыржан Түзелбаев есірткі айналымына қатысты күдікпен Шымкентте ұсталғаны туралы жазған едік.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразы