Қазақстан дүкендерінде Ресейден әкелінген тауарлар көбейді
Қазақстанға шетелден жеткізілетін азық-түлік көлемі артты.Соңғы сегіз айда өзге мемлекеттерден бес миллиард доллардың тауары импортталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,3%-ға көп. Әсіресе, Ресейден келетін тауарлардың үлесі артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейден кейін Қытай, Беларусь пен Өзбекстанның өнімдері елімізде көптеп сатылып жатыр. Бразилия мен Германиядан келетін азық-түлік те аз емес. EnergyProm-ның статистикасына сенсек, елге импортталған азық-түліктің жартысы Ресейден жеткізіледі. Көрші елдің сүт, кондитерлік өнімдері, өсімдік майы, қант пен дәнді-дақылдары дүкен сөрелерін толтырған. Тіпті, бидай мен арпаның негізгі үлесі де сол жақтан импортталады.
Фермерлер қауымдастығының өкілдері бұл геосаяси жағдайдың салдары деп болжап отыр. Өйткені ресейлік кәсіпкерлер қазір өнімдерді кедендік одақ елдеріне ғана сатып жатқанын айтады.
“Мына саяси жағдай болғандықтан Ресей баяғыдай өз өнімін сыртқа шығарудан шектеліп отыр. Еуропаға, басқа елдерге шығара алмайды. Өзінің аумағы үлкен. Көп заттарды өндіретін болғандықтан ол артық нәрсені әрине, сыртқа сатады. Оның үстіне біз кеден одағының, яғни Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндеміз. Сондықтан олар бері қарай бізге сатады”, – дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленов.
Екінші орында Қытай тұр. Қазақстанға бұл елден келетін азық-түліктің көлемі 24%-ға артыпты. Беларусьтің сүт, қаймақ, ірімшіктері мен Өзбекстанның пияз, қырыққабат секілді көкөністері де тонналап жеткізіледі. Тұрғындар импорттық өнімдердің бағасы отандық тауарлардан едәуір арзан дейді.
Сарапшылардың болжамынша, импорт үлесінің артуы ішкі нарыққа қауіп төндіруі мүмкін. Себебі баға, өнім көлемі мен сауда саясатына қатысты өзгерістер Қазақстандағы азық-түлік құнына тікелей әсер етуі ықтимал.
Экономист Бекнұр Қисықовтың айтуынша, Қазақстан халық саны көп емес ел болғандықтан бізге өндіруге, өндіріс жасауға бағаны ұстауға өте қиын.
“Сондықтан импорттан келген тауарлар өте төмен бағамен келеді. Олар демпинг жасалады. Олардың мүмкіншіліктері жоғары. Әлбетте бұны бәрі қауіпті деп айтуға болады”, – дейді сарапшы.
Соңғы сегіз айда құны 5 миллирд доллар болатын азық-түлік импортталған. Ең көп қаражат шоколад пен какао қосылған өнімдерді әкелуге жұмсалған. Көрші елдермен қатар Германия, Бразилия сынды мемлекеттен де түрлі тағамдар келеді.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және қыс мезгіліне жеткілікті азық-түлік қорын жинау жөнінде тапсырма берген еді.
