Трамптың Эпштейнге жазғаны делінген хатта не айтылған? Суреттегі мәтін жарияланды
АҚШ президенті Дональд Трамптың 2003 жылы Джеффри Эпштейнге жазғаны болжанған хаттағы сурет пен мәтін қайтадан қоғам назарын аударды. Онда Трамп пен Эпштейннің атынан жазылған диалог ұсынылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BILD_Russian порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-тың федералдық соты президент Дональд Трамптың The Wall Street Journal басылымы мен медиамагнат Руперт Мёрдокқа қарсы 10 миллиард доллар көлеміндегі талап арызын қабылдамады. Майамидегі судья Даррин Гейлз Трамптың дәлелдері жеткіліксіз екенін айтып, оның "соңғы үмітке жармасып отырғанын" мәлімдеді.
2025 жылы The Wall Street Journal басылымы Трамптың 2003 жылы Джеффри Эпштейнге жазған деген анайы хатын жариялаған. Газет мәліметінше, хатта жалаңаш әйелдің суреті бейнеленіп, оның интимді тұсына "Дональд" деген қолтаңба қойылған. Хат соңында "Туған күніңмен! Әр күнің тағы бір тамаша құпияға толы болсын" деген жазу болған.
"Өмірде бәріне қол жеткізуден де маңызды нәрсе болуы керек.
Дональд: "Иә, бар. Бірақ оның не екенін саған айтпаймын".
Джеффри: "Мен де айтпаймын. Өйткені оның не екенін өзім де білемін".
Дональд: "Біздің ортақ тұстарымыз бар екен, Джеффри".
Джеффри: "Иә, солай екен".
Дональд: "Жұмбақ адамдар ешқашан қартаймайды, байқадың ба?"
Джеффри: "Сені соңғы рет көргенде-ақ соны байқағанмын".
Дональд: "Достық – керемет нәрсе. Туған күніңмен! Әр күнің тағы бір тамаша құпияға толы болсын", – деп жазылған суретте.
Трамп бұл хатты жазғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ол жарияланымды "жалған, қасақана жасалған және жала жабатын ақпарат" деп атады.
Президенттің адвокаттары басылым мен оның тілшілерін жалған мәліметті біле тұра жариялады деп айыптап, бұл әрекет Трамптың қаржылық жағдайы мен беделіне орасан зиян келтіргенін алға тартты.
Алайда судья талапкердің уәждерін жеткілікті деп таппады. Оның айтуынша, Трамп басылымның ақпараттың жалған екенін біле тұра жариялағанын немесе шындықты әдейі елемегенін дәлелдеуі керек еді. Бірақ талап арызда бұл жайттар нақты негізделмеген. Судья айыптауларды жалпылама әрі іске қатысы жоқ деп бағалады.
Сонымен қатар газет мақаласында Трамптың хатты қолдан жасалған деп атап, оны жазғанын жоққа шығарғаны да көрсетілген.
BILD басылымының бағалауынша, бұл шешім Трамп үшін соттағы жеңіліс болса, The Wall Street Journal мен баспасөз бостандығы үшін жеңіс болды.
25 ақпанда мәжіліс отырысында депутаттар Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасынан қазақстандық элитаның Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланысын тексеруді сұрады.
Мәжілістің пленарлық отырысында фракция жетекшісі Асхат Рахымжанов бұл мәселе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін айтты. Сондықтан құқықтық баға беруді талап ететінін жеткізді.
Депутаттың сөзінше, “Эпштейн файлдарында” аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысы бар адамдар туралы ақпарат тексерілуі керек.
Асхат Рахымжановтың айтуынша, мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекет ету ісі бойынша жазасын өтеп жатқан бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Карим Мәсімов “Эпштейн файлдарында” кемінде сегіз рет аталады. Жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны аңғарылады.
“Неге жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік Эпштейнмен кездесуге мүдделі болды? Бұл кездесулер қай аумақта өтті? Сол атышулы аралда болған жоқ па?”, – деген сұрақ қойды депутат.