Сөрелердегі жасырын айла: Дүкендер бізді қалай артық ақша жұмсауға итермелейді
Дүкенге бір-екі зат алуға кіріп, жоспарлағаннан әлдеқайда көп ақша жұмсап шығатын кездер болады. Бұған кейде өзіміздің асығыстығымыз себеп болса, кейде сөредегі “жеңілдік”, “екеу алсаң, үшіншісі тегін” деген жазулар әсер етеді. Бірақ акциядағы тауардың бәрі бірдей тиімді емес. Кейде үлкен қаптамадан гөрі кішісі арзанға түседі, ал жеңілдікпен алған заттың өзі қажет болмауы мүмкін. Stan.kz дүкенде артық ақша жұмсамаудың жолдарын түсіндіреді.
“Үшіншісі тегін” деген ұсыныс шынымен тиімді ме?
Сөреде “екеуін алсаңыз, үшіншісі тегін” деген жазуды көргенде, көп адам мұндай мүмкіндікті жібергісі келмейді. Бірақ алдымен өзіңізге бір сұрақ қойыңыз: сізге шынымен үш дана керек пе?
Мысалы, бір йогурт 400 теңге тұрады делік. Акция бойынша үшеуін 800 теңгеге аласыз. Бір қарағанда, әрқайсысы арзанға түскендей. Алайда сізге бір йогурт қана қажет болса, бастапқыда жұмсайтын 400 теңгенің орнына 800 теңге төлейсіз.
Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасы жүргізген зерттеу де көп тауар алу ұсыныстарының бәрі бірдей тиімді бола бермейтінін көрсеткен. Кейбір өнімдерде бірнеше дананы бірге сатып алу бірлік бағасын төмендетпей, тіпті басқа қаптамадағы тауардан қымбатқа түсуі мүмкін. Акцияға емес, бір өнімнің нақты бағасына қараған дұрыс. Ал артық алған затыңыз бұзылып немесе пайдаланылмай қалса, үнемдедім деу қиын.
Үлкен қаптама алған сайын расында үнемдейсіз бе?
Көпшілігіміз үлкен қаптама шағынына қарағанда арзан болады деп ойлаймыз. Бұл пікір дұрыс көрінгенімен, көбіне дұрыс бола бермейді.
Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасы күнделікті қолданылатын 26 азық-түлік тауарын салыстырған. Зерттеу нәтижесінде кейбір өнімдердің үлкен қаптамасы шынымен тиімді болғаны анықталған. Мысалы, төрт сүттің бағасы бір сүттен шамамен 60 пайызға арзан болған. Ал кейбір тауарларда керісінше жағдай байқалған: үлкен қаптамадағы дәретхана қағазы, ірімшік пен кір жуатын капсулалардың бағасы шағын қаптамадан жоғары шыққан.
Демек, “үлкені арзан” деген қағидаға сене беруге болмайды. Сатып аларда қаптамадағы салмақты ғана емес, бір келісі немесе бір литрі қанша теңгеге түсетінін де салыстырыңыз.
Мысалы:
- 400 грамм өнім 800 теңге тұрса, бір келісі – 2 000 теңге;
- 900 грамм өнім 1 980 теңге тұрса, бір келісі – 2 200 теңге.
Бұл жағдайда шағын қаптаманы алған тиімді. Екі өнімнің бағасын салыстырғанда осындай қарапайым есеп артық шығыннан сақтайды.
Жеңілдік белгісі әрдайым арзан бағаны білдірмейді
Қызыл түспен жазылған “акция” немесе “жеңілдік” деген белгіні көргенде, тауарды бірден себетке салуға асығамыз. Алайда оның бағасы басқа көлемдегі немесе басқа брендтегі өнімнен арзан болмауы мүмкін.
Британдық зерттеуде жеңілдікпен сатылған тауарлардың арасында бірлік бағасы жеңілдіксіз тұрған баламалардан жоғары өнімдер де анықталған. Мысалы, кетчуп пен кір жуатын құралдардың кейбір акциядағы қаптамалары басқа көлемдегі тауарлардан қымбатқа түскен. Сондықтан жеңілдікке дейінгі және кейінгі бағаны ғана емес, тауардың салмағын да салыстыру керек. Кейде сөредегі “акция” белгісі сатып алушыға тиімді ұсынысты емес, жай ғана жарнаманы көрсетеді.
Бағасы сол күйі, ал ішіндегі өнім азайған
Кейде дүкеннен үнемі алып жүрген тауарыңыздың бағасы өзгермегенін байқайсыз. Бірақ қаптамадағы салмағы азайып кетуі мүмкін. Мұндай өзгерісті бірден аңғару қиын, өйткені сыртқы қаптамасы бұрынғыдай көрінуі ықтимал.
Мысалы, бұрын 200 грамм өнімді 1 000 теңгеге алдыңыз делік. Кейін сол бағадағы қаптамада 180 грамм ғана қалды. Бұрын 100 грамы 500 теңгеге түссе, енді шамамен 556 теңге төлейсіз. Яғни сөредегі баға өзгермегенімен, өнімнің нақты құны өскен. Бұрыннан сатып алып жүрген тауардың қаптамасын да анда-санда тексеріп тұрған жөн. Әсіресе салмағы мен көлеміне назар аударыңыз.
Бағаны салыстыруға көмектесетін бір белгі бар
Дүкен сөрелерінде тауардың жалпы бағасымен қатар бір келісі, бір литрі немесе белгілі бір өлшемі қанша тұратыны да көрсетілуі мүмкін. Бұл – әртүрлі көлемдегі өнімдерді салыстыруға арналған бірлік бағасы.
Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасы зерттеуінде сатып алушылардың бір бөлігі мұндай бағаны байқамайтыны анықталған. Оған сөреге жазудың ұсақ қаріппен берілуі, көзге түспейтін жерде орналасуы да әсер етеді. Ал оны пайдаланатын адамдар бір брендтің әртүрлі көлемдегі қаптамасын, бірнеше өндірушінің ұқсас тауарларын және акциядағы өнімдерді салыстыруға мүмкіндік алған. Бұл тәсіл әсіресе май, ұн, жарма, сусын, тұрмыстық химия сияқты жиі сатып алынатын тауарларға пайдалы.
Дүкенге барғанда нені есте ұстаған жөн?
Ұлыбританияның зерттеуі сатып алушылардың көбі кейде үлкен қаптама арзан, ал акциядағы тауар тиімді деген болжамға сүйенетінін көрсеткен. Бірақ мұндай болжамдар әрдайым растала бермейді.
Артық шығынға жол бермеу үшін:
- дүкенге барар алдында қажет заттардың тізімін жасаңыз;
- акциядағы тауарды аларда оның бірлік бағасын салыстырыңыз;
- үлкен қаптаманы тек шынымен қажет болса және тиімді шықса ғана алыңыз;
- үйде бар өнімді қайта сатып алмау үшін тоңазытқыш пен шкафты алдын ала қарап шығыңыз;
- кассаға жеткенде себетіңізді бір шолып, жоспарсыз алған заттарды алып тастаңыз.
Үнемдеу дегеніміз – дүкеннен ең көп жеңілдікпен тауар алу емес. Ең бастысы, ақшаңызды өзіңізге қажет өнімге жұмсап, артық затқа төлемеу.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар ақшасының 42%-ын тамаққа жұмсайтыны белгілі болды.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 11 бала таңғы астан уланып ауруханаға түсті
