"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып ауруханаға түсті
Қарағандыдан Ташкентке футбол жарысына барған 16 бала жаппай ауырып, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ата-аналарының айтуынша, балалардың жағдайы қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлаған. Қазір ата-аналар балалардың денсаулығына алаңдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық балалардың жағдайы туралы желіде жазды. Айтуынша, қазір 11 бала да тамырға дәрі алып жатыр.
“Қазақстан, бейжай қалмайық! Ташкентте Қарағандыдан жарысқа барған жас футболшылар ауырып қалды. Ата-аналарының айтуынша, қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін 11 баланың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдап, көмек пен ресми түсініктеме күтуде. Балалардың ауырып қалуына не себеп болды? Бұған қонақүйдегі тамақтың қатысы бар ма? Қазір балаларды емдеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл – біздің балаларымыз. Олар Қазақстанның намысын қорғап, ел атынан жарысқа қатысу үшін барған. Ал қазір өздері біздің қолдауымызға мұқтаж”, – деп жазды ол.
Ол өзге елге барып осындай жағдайға тап болған балалардың ата-аналарын жалғыз қалдырмау керек екенін айтып, тиісті органдардан көмек сұрады.
“Олардың ол жақтан қалай қайтатыны да белгісіз. Балалардың қызуы көтеріліп, құсып, іші өтіп жатыр. Бұл – нағыз сұмдық”, – деп қосты ол.
Кейін уланған балалар саны 16-ға жеткені хабарланды. Ата-аналар таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз футболшының ауырмағанына да назар аударған. Осыған байланысты олар балалардың жаппай ауырып қалуына тағамнан улану себеп болуы мүмкін деп болжам жасауда.
Желіде өзге ата-аналар да бұл жарыстың ұйымдастырушыларын сынға алды. Айтуларынша, бұл жағдайдан бөлек, әділ қазылық ету жағынан да мәселелер бар.
“Біздің балаларымыз да осы турнирге қатысып жатыр. "Достлық" турниріндегі жағдай сұмдық екен. Ойындарды дұрыс төрешілік етпейді, енді балаларды да уландырып қойғаны ма?”;
“Турнир де көңілден шықпады, сапардан алған әсеріміз де өте нашар! Ұйымдастыру жұмыстары ақсап тұр, ал төрешілік мүлде сын көтермейді. Көзге көрініп тұрған ереже бұзушылықтарға көз жұма қарайды. Қолмен ойнаса да, басқа ережені бұзса да, өздеріне керек командалар келесі кезеңге өтсе болғаны. Әділ спорттан жұрдай! Өте жағымсыз әсер алдық!”;
“Сұмдық қой! Балалар ойнай алмай қалсын деп әдейі улап қойған жоқ па екен?!” – деп жазды жұртшылық.

Желіде блогер Денис Денски балалардың жағдайы туралы тікелей хабарлап отыр. Айтуынша бір бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
“Өткен түні зардап шеккен балаларды Ташкенттегі басқа ауруханаға ауыстырған. Ата-аналардың айтуынша, жаңа медициналық мекемеде емделуге қолайлы жағдай жасалған. Қазір науқас балалардың іші қатты өтіп жатыр. Дәрігерлер антибиотикпен емдеуді бастаған. Алайда зертханалық талдау нәтижелері әзірге дайын емес. Сондықтан аурудың нақты себебі ресми түрде анықталған жоқ. Балалардың бірі кеше күндізден бері жансақтау бөлімінде жатыр”, – деп жазды ол.
Блогер қазір жағдайы тұрақты балалар мен оларды ертіп барған ересектерді ұшақпен Астанаға жеткізу жоспарланып отырғанын да алға тартты.
“Ал науқас балалар мен денсаулығына байланысты ұшақпен ұша алмайтын ересектердің жағдайы тұрақталғанша Ташкентте қалуы мүмкін. Ауруханада Қазақстанның консулы да жүр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жағдай дипломатиялық өкілдердің бақылауында. Ата-аналар балаларының жағдайын жіті бақылап, жаппай ауруға не себеп болғанын анықтауға көмектесетін зертханалық талдау нәтижелерін күтіп отыр”, – деп қосты ол.
Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрады.
“Сыртқы істер минстрлігі Ташкент қаласында өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестивалінің бірқатар қатысушылары денсаулық жағдайының кенеттен нашарлауы туралы оқиғадан хабардар. Көмекке мұқтаж барлық Қазақстан азаматтары Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылды. Оларға қажетті дәрігерлік көмек көрсетілуде. Қазақстандық дипломаттар отандастарымыздың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыс орнатып, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр”, – деді ведомство.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені туралы жазған едік. Кейіннен уланғандар саны артып, 58 оқушыға жетті. Оқушылардың уланғанын Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Кейін денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың улануына қатысты жедел шаралар қабылдады. Нәтижесінде мектептің тамақтану блогында азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу талаптарының бұзылғаны анықталды. Сосын бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген.
Жуырда мектептеп уланған 60-қа жуық бала ауруханадан емделіп шыққаны белгілі болды.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып ауруханаға түсті
