Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте тұрғындар белгісіз себеппен уланып, балалар көз жұмды

Пәтер
Фото: Stan.kz

Шымкентте 5 адам газдан уланып, кәмелет жасына толмаған екі бала ажал құшты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы жағдай қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Оқиға туралы иіс жайлаған пәтерде 6 сағат бойы ес-түссіз жатып оянған әйел хабарлаған. Өкініштісі сол өзі оянғанымен балалар аман қалмады. 3 жастағы тағы бір сәби өмір мен өлім арасында жатыр.

27 жастағы келіншек пен қос перзенті және 15 жастағы студент қыз жалдамалы пәтерге жарты жыл бұрын көшіп келген екен.

15 жастағы студенттің анасы сол күні Түркістаннан қонақ болып келген. Иіс жайлаған пәтерде 6 сағат бойы ес-түссіз жатқан келіншек бірінші болып ояныпты. Сөйтіп сол үйде тұрып жатқан 27 жастағы келіншектің әпкесіне хабарласқан.

Сұмдықты бірінші болып көрген Ділбар Сайдхожаева көз жасын тыя алар емес.

Ділбар Сайдхожаева
Фото: Stan.kz/Ділбар Сайдхожаева
"Залда отырған едім, оянсам ас бөлмедегі стол астынан ояндым деп жатыр құрбым. Егер ол тұрмағанда бәрі қайтыс болатын еді. Көгеріп жатқан еді мен кіріп жатқан кезде. Бүкіл денесі көгеріп жатқан еді. Құрбымның қызы ваннада шомылып, шыққан. Құлап түскен. Өзінен кетіп қалған да. Астында жатқан еді. Ұл бала залда сіңілімнің қасында жатқан еді сол бетінде. Мен ұйықтап жатыр деп ойладым. Қызы аяқ қолдары майысып, өзінде емес еді. Жылап жатқан еді. Сіңілім көзі ашық. Ештеңе сезбейді. Қимылдай алмайды. Сөйлей алмайды. Тек қана көзі ашық жатқан еді болды", – дейді марқұмның туысы Ділбар Сайдхожаева. 

Иіс жайлаған пәтерден бес адамның үшеуі ғана аман шықты. Түркістаннан қызын көруге келген анасы перзентінің мәйітін алып ауылына аттанса, 27 жастағы келіншек паталаға ауыстырылды. Ол әлі 5 жастағы ұлынан айрылғанынан бейхабар. Аман қалған 3 жастағы қызы да комадан шыққан жоқ.

"Науқастардың түскен кездегі диагнозы көміртегі тотығуынан уланудың ауыр дәрежесі. Қабылдау бөліміне қаралмай бірден жансақтау бөліміне екі науқасты жатқыздық. Бүгінгі таңда 99 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. 2023 жылғы науқас динамикалық жағдайы біршама жақсарумен бірақ емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастырады", – дейді Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова. 
Газ
Фото: Stan.kz

Екі отбасын қара жамылдырған қайғыдан кейін көпқабатты үйлерде газ құбырларын тексеру аяқ асты күшейді. Мамандар нақты себебін анықтаймыз дейді.

“Біздің апаттық қызметтің қызметкерлері барып, тексерген кезде ол жерде көміртегі газының ешқандай концентрациясы анықталған жоқ. Қазір уәкілетті органдар тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр, тек соның нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады. Бұл үй тек газ плитасына арналған үйлер, ол жерде қосымша газ колонка орнатылған газ су жылытқышы, ал ол үйлер ондай қоюға арналмаған”, – дейді өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Нұрбек Рахманов. 

Еске салсақ, биыл ақпанда Шымкентте тағы бір қайғылы оқиға болып, үш адам қаза тапқан еді. Ол кезде марқұмдардың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Алдын ала болжамдардың бірі ретінде газдың таралуы қарастырылған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 19:54