Қытайда шенеуніктің отбасы қалай байығаны тексеріледі
Шенеунік орташа жалақы ала тұра, оның әйелі қымбат көлік мініп, ал балалары сән-салтанатта өмір сүрсе, мұндай жағдайға енді басқаша қарайды. Мемлекеттік қызметкерлерден отбасы мүшелерінің ақшаны қайдан алғанын түсіндіру талап етілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жаңа талап бойынша, шенеуніктердің жақын туыстарының табысы мен мүлкіне назар аударылады. Олардың қалай ақша тауып жүргені, қандай бизнеспен айналысатыны тексеріледі. Әсіресе туыстарының тұрмысы шенеуніктің ресми табысынан әлдеқайда жоғары болса, бұл сұрақ тудыруы мүмкін.
Тағы бір маңызды талап: шенеуніктің туыстары оның қызметтік жағдайын пайдаланып, пайда көрмеуі керек. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі байланысын пайдаланып, тиімді келісімшарттарға қол жеткізуге жол берілмейді.
Бұл талаптар Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 29 қазанда қабылдаған құжатында жазылған. Құжаттың толық мәтіні 1 қарашада “Синьхуа” мемлекеттік агенттігінде жарияланды.
Туыстарына бизнес жүргізуге де шектеу қойылған
Негізі, Қытайда жоғары лауазымды шенеуніктердің отбасы мүшелеріне қатысты мұндай шектеулер бұрыннан бар. Мәселен, кейбір басшылардың жұбайлары мен балаларына олардың қызметтік өкілеттігіне байланысты салаларда кәсіп жүргізуге рұқсат етілмейді. Елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес 2012 жылы Си Цзиньпин билікке келгеннен кейін күшейді. Осы уақыт ішінде бұрынғы министрлер мен жоғары лауазымды әскери қызметкерлер де тергеуге алынған.
Айта кетейік, бұған дейін біз шенеуніктердің жұмысы енді қалай бағаланатыны туралы жазған едік.
