Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шенеуніктерге берілген сыйлықтарға қатысты жаңа ережелер бекітілді

Сыйлық
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне ресми іс-шараларда табысталған сыйлықтарды беру тәртібі өзгерді. Енді мемлекеттік меншікке өткізілген сыйлықтар мемлекеттік ұйымдардың балансына тегін берілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, сыйлықты мемлекеттік қызметкер жұмыс істейтін мекеме немесе оның қызметін қамтамасыз ететін ұйым ала алады. Бұл талап хаттамалық және басқа да ресми іс-шараларда табысталған сыйлықтарға қатысты.

Бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер ресми іс-шараларда алған сыйлықтарын мемлекетке тапсыруға міндетті болған. Олар сыйлықты бағалау құны бойынша сатып ала алатын. Егер сатып алудан бас тартса, сыйлықты сатуға рұқсат етілетін. Енді шенеунікке сыйлықты сатып алу мүмкіндігі берілмес бұрын, оны мемлекеттік ұйымның балансына өткізу мәселесі қаралады.

Сыйлықты мемлекеттік ұйымның балансына беру үшін тиісті мемлекеттік орган немесе әкімдік оны өткізу қажеттігі туралы қорытынды ұсынуы керек. Бұл құжат сыйлық уәкілетті органға тапсырылғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жолдануға тиіс.

Қорытындыда ұйымның атауы, сыйлықтың атауы мен саны, сондай-ақ ол табысталған іс-шараның күні мен атауы көрсетіледі.

Одан кейін сыйлықтың құны бағаланады. Бағалау туралы есеп алынған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті орган оны мемлекеттік ұйымға беру жөнінде шешім қабылдауы қажет.

Қабылдау-тапсыру актісі 10 күнтізбелік күн ішінде рәсімделеді. Ал мемлекеттік мүлік тізіліміне тиісті мәліметтерді енгізуге тағы бес күнтізбелік күн беріледі.

Мемлекеттік қызметкер тапсырған сыйлығын бағалау құны бойынша сатып ала алады. Ол үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаны хабардар етуі керек.

Алайда ресми іс-шараларда алынған сыйлықтарды сатып алуға қатысты қосымша талап енгізілген. Атап айтқанда, сыйлықты мемлекеттік ұйым талап етпеген жағдайда ғана шенеунік оны сатып ала алады.

Егер мемлекеттік ұйым белгіленген мерзімде сыйлықты алуға өтінім бермесе немесе қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймаса, сыйлық сатып алуға ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда сатып алу-сату шарты белгіленген мерзімдер аяқталғаннан кейін жеті күнтізбелік күн ішінде жасалады.

Егер мемлекеттік қызметкер сыйлықты сатып алудан жазбаша түрде бас тартса және мемлекеттік ұйым да оған қызығушылық танытпаса, уәкілетті орган сыйлықты сатылымға шығара алады.

Қаулыда мемлекеттік мүлікті цифрлық есепке алу тәртібі де қарастырылған. Енді мүлікті түгендеу, бағалау және беру туралы мәліметтер электрондық тізілімге енгізіліп, электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады.

Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқаруына байланысты сыйлық алуға тыйым салынған. 2020 жылдан бастап бұл тыйым сыйлықтың құнына қарамастан қолданылады. Ресми іс-шараларда табысталған сыйлықтар мемлекеттік меншік болып саналады және уәкілетті органға тапсырылуға тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 22 мемлекеттік қызметкер такси жүргізушісі болып жұмыс істеп, қосымша табыс тапқаны үшін жауапқа тартылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 20:53