Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда 22 мемлекеттік қызметкер такси жүргізушісі болып жұмыс істегені үшін жауапқа тартылды

такси жүргізушісі
Фото: magnific.com

Батыс Қазақстан облысында 22 мемлекеттік қызметкернің заңға қайшы түрде такси жүргізушісі және курьер болып қосымша табыс тапқаны анықталды. Әдеп жөніндегі кеңесте бұл әрекет үшін жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң тәртіптік жаза қолданылатыны ескертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Белгілі болғандай, аталған қызметкерлер кірістер органдарына өздерін "өзін өзі жұмыспен қамтыған" тұлға ретінде тіркеген. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметпен және резервтегі әскери қызметтен өзге ақылы жұмыспен айналысуға тыйым салынады.

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметкерлерге жұмыстан босатуға дейінгі қатаң тәртіптік жаза қолданылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар өңірде 602 мемлекеттік қызметші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Соның ішінде 445 жағдай жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Бұдан бөлек, 17 қызметкер мемлекеттік сатып алу талаптарын сақтамаған, 19 адам рұқсат беру рәсімдерін бұзған. Ал өзге құқық бұзушылықтар бойынша жауапқа тартылғандардың саны 121-ге жеткен.

Кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының бұзылуы да сөз болды. Атап айтқанда, 13 қызметкердің еңбек демалысына төленетін сауықтыру төлемі уақытында берілмеген. Сондай-ақ іссапар шығындарын өтеуге қатысты 577 заңбұзушылық тіркелген.

Қазір Батыс Қазақстан облысында 3,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер еңбек етеді.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысы Әулиекөл ауданында заңсыз такси қызметін көрсеткен студентке қатысты әкімшілік іс сотта қаралған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, ол тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз жолаушы тасымалдаған. Студент өз кінәсін мойындап, бұл әрекетке анасының ауыр науқастанып, инсульттен кейін ауруханада ем қабылдауына байланысты барғанын айтқан. Оның тұрақты жұмысы мен табысы болмаған, ал отбасына дәрі-дәрмек пен ем-домға қаражат қажет болған. Сот студенттің материалдық және отбасылық жағдайын, құқық бұзушылықтан елеулі зиян келмегенін ескеріп, әкімшілік істі тоқтатып, оған ауызша ескерту жасаған болатын.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 16:42