Қырағы такси жүргізушісі зейнеткерді 1,5 миллион теңгесінен айырылып қалудан құтқарды

Өскеменде такси жүргізушісі телефон алаяқтарының арбауына түскен зейнеткерді 1,5 миллион теңгесінен айырылып қалудан аман алып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Төрежан есімді жүргізуші тапсырыстың үшінші тұлғаның атынан рәсімделгенін байқаған. Жолаушы көлікке отырған сәттен-ақ оның қатты абыржып, мазасыз отырғанын аңғарған. Жол бойы белгісіз біреу қайта-қайта хабарласып, әйел оған жеке мәліметтерін айтып отырған. Тіпті, алаяқтардың айтуымен қоңырау шалған адамды айналасындағылар күдіктенбеуі үшін “ұлым” деп атаған.
“Оның көзінен біртүрлі күйде отырғанын байқадым: абдырап қалған ба, әлде қорқып отыр ма – түсініксіз болды. Жолға шыққаннан кейін біреу оған қайта-қайта қоңырау шала берді. Әңгімелері де өте күмәнді естілді”, – деді жүргізуші.
Жүргізуші жағдайдың күмәнді екенін сезіп, жолаушыға SMS арқылы келген кодтарды сұрайтындардың алаяқ екенін ескертеді. Сол кезде ғана зейнеткер телефон тұтқасын қояды.
ОқыңызКейінірек алаяқтар әйелге “шотыңыздан ақша ұрланғалы жатыр” деп сендіріп, жинаған қаржасын банкке барып шешіп алып, “қауіпсіз есепшотқа” аударуға көндіргені белгілі болды. Ол сол сәтте картасындағы 1,5 миллион теңгені шешіп алуға бара жатқан.
Төрежан бірден көлікті тоқтатып, әйелдің туыстарымен байланысады. Кейін алаяққа өзі хабарласып, “жолаушыны жеткіздім, алдымен жолақысын төлеңіз” дейді. Үлкен ақшаны алатынына сенген қаскөй еш күмәнсіз жүргізушінің шотына 2000 теңге аударып жібереді.
“Әйелден әлгі “ұлына” қайта хабарласып, телефонды маған беруін сұрадым. Оған жолаушыны мекенжайға жеткізгенімді, жолақысын төлемейінше оны ешқайда жібермейтінімді айттым. Бір жарым миллион теңгеге қол жеткіземін деп отырған алаяқ маған бірден 2000 теңге аударып жіберді”, – деді Торежан.
Осыдан кейін жүргізуші зейнеткерді үйіне жеткізіп, бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді және күмәнді жағдай туындаса, бірден жақындарына хабарласуды өтінеді.
inDrive компаниясы Төрежанның батыл әрі адамгершілікке толы әрекетін жоғары бағалап, оған арнайы марапат табыстады.
Айта кетейік, Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр 6,1 мыңнан астам қазақстандық телефон алаяқтарының құрбаны болған. Мамандар “қауіпсіз есепшот” деген ұғымның болмайтынын, ал өзін “ұлыңмын”, “банк қызметкерімін” деп таныстырып, ақша аударуды талап ететіндерге ешқашан сенбеуге кеңес береді.
"Заманауи болу үшін өз мәдениетіңнен бас тартудың қажеті жоқ": Қазақстандық этнодизайнер ұлттық киімдер қалай сәнге айналғанын айтып берді