Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасының еміне ақша табу үшін заңсыз жұмыс істеген: Сот қазақстандық студентті жауапкершіліктен босатты

таксиФото: Freepik.com

Әулиекөл аудандық соты ата-анасына дәрі-дәрмек алу үшін заңсыз такси қызметін көрсеткен студентке қатысты әкімшілік істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот мәліметінше, 2026 жылғы 10 наурызда Әулиекөл ауылының тұрғыны тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз және хабарлама жібермей, “такси” қызметін көрсеткен.

Істі қарау барысында ол өз кінәсін мойындап, құқық бұзушылыққа итермелеген жағдайларды ескеруді сұраған. Студенттің айтуынша, оның тұрақты жұмысы мен табысы жоқ, ал асырауында мүгедектігі бар науқас ата-анасы бар.

Бұған қоса, анасы инсульт алып, ауруханада жатқан кезде ем-домға ақша қажет болғандықтан, ол такси болып жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Сот істің барлық мән-жайын, оның материалдық және отбасылық жағдайын, жеке басын және елеулі зиян келмегенін ескеріп, әкімшілік істі тоқтатты. Азаматқа ауызша ескерту жасалды.

Айта кетейік, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің жеке деректерінің таралуына қатысты тағы дау шықты. Бұл жолы түсік жасату, темекі шегу, ішімдік ішу және жедел жәрдем шақыру секілді құпия ақпарат тарап кеткен. Университет басшылығы бұл жайтты растады. Қазір ішкі тексеріс жүріп жатыр. Оқу орны өкілдерінің айтуынша, кінәлі қызметкер анықталса, ол тәртіптік кеңесте қаралады.

Сондай-ақ университетте студенттер мен қызметкерлердің медициналық жағдайы мен тәртібіне қатысты есеп жүргізілетіні белгілі болды. Бұл деректерге тек арнайы департамент жауапты. Ал ақпараттың қалай сыртқа шыққаны әзірге белгісіз. Іске прокуратура да тексеріс жүргізіп жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 13:32