Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы қашан көтерілетіні айтылды

Теңге
Фото: iStock/Yevgeniy Sambulov

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің сөзінше, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі енгізіліп, мемлекеттік қызметкерлердің орташа жалақысы 1,9 есе өскен. Ал жалақысы төмен санаттағы қызметкерлердің табысы 2,2 есе артқан.

Бұдан бөлек, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақысы төмен мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы тағы 16%-ға көтерілген.

"Бізде мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына негізделген белгілі бір әдістеме бар. Жалақыны енді шамамен үш жылда бір рет, яғни 2028–2029 жылдары көтеруді жоспарлап отырмыз", – деді Серік Жұманғарин.

Министр азық-түлік бағасының өсуіне қатысты да пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, азық-түлік бағасы әлі де қымбаттап жатқанымен, өсім қарқыны баяулаған.

"Қыркүйек айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы алғаш рет 0,1%-ға төмендеді. Біз бағаның өсу қарқынын барынша төмендету бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында салық реформасының нәтижелері туралы баяндаған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 21:11