Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орташа жалақы 445 мың теңге болып белгіленді: Бірақ нақты өсім жоқ

орташа жалақы 445 мың теңге
Фото: Stan.kz

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 445 068 теңгеге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде орташа жалақы 11,5%-ға өскенімен, бірақ іс жүзінде инфляцияны ескергендегі нақты өсім жоқ. Нақты жалақы индексі 99,8% болған.

Ең жоғары жалақы алатын салалар

  • Ең жоғары орташа жалақы тау-кен өндіру саласында тіркелді – 1 020 632 теңге;
  • Қаржы саласы – 941 411 теңге;
  • IT саласы – 779 288 теңге;
  • Өнеркәсіп – 620 775 теңге;
  • Көлік саласы – 599 489 теңге.
  • Өңдеу өнеркәсібіндегі орташа жалақы – 508 854 теңге.

Ең төмен жалақы төленетін салалар:

  • Ең төмен орташа жалақы:
  • Ауыл шаруашылығында – 268 096 теңге;
  • Қонақүй және мейрамхана бизнесінде – 284 186 теңге;
  • Сумен жабдықтау және қалдықтарды басқару саласында – 307 956 теңге.

Өңірлер арасында Ұлытау облысында ең жоғары орташа жалақы тіркеліп, 637 324 теңгеге жетті. Одан кейін Атырау облысы (610 111 теңге) мен Маңғыстау облысы (608 415 теңге) тұр. Астанада орташа жалақы 559 894 теңге, ал Алматыда 551 597 теңге болған.

Ең төмен орташа жалақы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген – 308 334 теңге. Сондай-ақ Жамбыл облысында орташа жалақы 319 820 теңге, Түркістан облысында 324 972 теңге, ал Шымкентте – 328 608 теңге.

Инфляцияны ескергендегі ең жоғары нақты жалақы өсімі Алматы қаласында (+4,9%) және Абай облысында (+4,7%) тіркелген.

Бұған дейін елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін жазған едік. 

Әмриннің айтуынша, халықтың нақты табысын арттыру мәселесі қазір бірнеше бағыт бойынша пысықталып жатыр. Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау.

“Ең алдымен ең төменгі жалақы мәселесі қарастырылып жатыр. Иә, мұндай мәселе күн тәртібінде бар”, – деді ол.

Вице-министр қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге екенін еске салды. Оның сөзінше, көптеген елде ең төменгі жалақы медианалық жалақының 50%-ына дейін жетеді.

“Демек жақын уақытта ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарымыз бар”, – деді шенеунік.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 18:51