Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Таныстарын шақырып, зорлатқан”: Балқашта 13 және 15 жастағы апалы-сіңлілерді жезөкшелікке мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды

Күдіктіні ұстау сәті
Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысының Балқаш қаласында 13 және 15 жастағы екі жасөспірім қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қыздардың туысы олардың бірнеше ай бойы соққыға жығылып, қорлық көргенін және жезөкшелікке мәжбүрленгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде Балқаш тұрғынының мәлімдемесі жарияланды. Ер адамның айтуынша, биыл жазда оның 13 және 15 жастағы екі жиеніне белгісіз адамдар зорлық-зомбылық көрсеткен.

Туысының айтуынша, қыздарды ұрып-соғып, денелерін темекімен күйдірген. Сондай-ақ видеода жасөспірімдерге есірткілік әсері бар препараттар араластырылған ішімдік ішкізіп, жыныстық қатынасқа тұсуге мәжбүрлегені айтылған.

Видеода бұл іске 20-ға жуық жігіттің қатысы болуы мүмкін екені, олардың алтауы ұсталғаны айтылған.

Қыздардың әкесінің сөзінше, оқиға биыл маусым айында басталған. Сол кезде көшеде қыздармен өздерінен үлкендеу бір бойжеткен танысып, оларды дәмханаға шақырып, косметика мен түрлі ұсақ-түйек сыйлаған. Кейін ол қыздарды өзінің таныстарымен араластырған.

"Алғашында жаңа таныстары қыздарымыздың сеніміне әбден кірген. Бірте-бірте ішімдік ішуге және темекі шегуге көндіре бастаған. Кейін қыздарды үйге жеткізіп саламыз деп уәде беріп, таныс жігіттерін шақырған. Олар жолда екі қызды да зорлап, видеоға түсіріп алған", – дейді қыздардың әкесі.

Әкесінің айтуынша, осыдан кейін қыздарды әртүрлі ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Қарсылық білдірген жағдайда ұрып-соғып, қорқытқан. Сондай-ақ интимдік материалдарын таратамыз деп бопсалап, әкесі жұмыста болған кезде қыздарды үйден шығуға мәжбүрлеген көрінеді.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қыздарына қатысты заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы арыз түсірген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Құқыққа қайшы әрекеттер әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде жасалғаны анықталды. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады ведомство.

Полиция департаменті тергеуге тәжірибелі қызметкерлер тартылғанын және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысында бес жасөспірім мас күйдегі қызды дәрменсіз жағдайын пайдаланып, топ болып зорлағаны үшін сотталғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 20:30