Атырау облысында оқушының аяқкиімінен ине табылған: Ата-анасы дабыл қақты
Әлеуметтік желіде Атырау облысы Құлсары қаласында 8-сынып оқушысының аяқкиіміне біреу ине салып кеткені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты №1 мектеп әкімшілігі тексеру жүргізіп, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы оқушының әжесі Самал Балабаева әлеуметтік желіде хабарлаған. Оның айтуынша, немересінің аяқкиімінен ине табылған. Алайда бөгде заттың аяқкиімге кім және қандай жағдайда салғаны әзірге белгісіз.
Жылыой аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мектеп әкімшілігі 16 қарашадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, сол күні сабақ өткізген мұғалімдер мен сынып жетекшісінен түсініктеме алған.
"Тексеру нәтижесінде оқушының аяқкиімін ауыстырғаны немесе оның аяқкиіміне бөгде зат салынғаны туралы дәлелдер анықталған жоқ", – деп хабарлады аудандық білім бөлімі.
Мұғалімдердің айтуынша, оқушының мектепте басқа балалармен жанжалдаспаған. Ол сыныптастарымен жақсы араласады, мектептегі іс-шараларға қатысады және сабақтан себепсіз қалмайды.
Сонымен қатар оқушының ата-анасы мән-жайды анықтау үшін мектепке шақырылған. Білім бөлімінің өкілдері оларға жалған аккаунттан жарияланған жазбаның авторын анықтау мақсатында құзырлы органдарға жүгіну тәртібін түсіндірген.
Қазіргі уақытта жағдай Жылыой аудандық білім бөлімінің бақылауында.
Еске салсақ, Атыраудағы мектептердің бірінде эвакуация кезінде оқушылар бір-бірін итеріп, бірнеше бала жарақат алды. Оқиға 17 қарашада болған.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді
