Қосымша 3 триллион теңге: Жұманғарин салық реформасының бюджетке не бергенін айтты
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне түскен салық түсімдері 19,3 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 3 триллион теңгеге көп. Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында салық реформасының нәтижелері туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, салық реформасы мемлекеттік бюджеттің кірісін арттыруға елеулі үлес қосқан. Экономикадағы бірқатар қиындықтарға қарамастан, бюджетке түсетін салық көлемі айтарлықтай өскен.
Бюджет кірісінің өсуіне ең көп ықпал еткен салық түрі – қосылған құн салығы. Есепті кезеңде қосылған құн салығы бойынша түсімдер 37,3%-ға көбейді.
Атап айтқанда, отандық өндіріс тауарларынан түскен қосылған құн салығы көлемі 54,1%-ға, ал импорттық тауарлар бойынша түсім 23,9%-ға өскен.
Серік Жұманғарин бұл көрсеткіштерді салық реформасының нәтижелерімен байланыстырды. Оның айтуынша, өзгерістер бюджет кірісін ұлғайтып қана қоймай, кәсіпкерлік құрылымының да өзгеруіне ықпал етіп отыр.
"Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды қоса есептегенде, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 миллионға жеткен.
Сонымен қатар жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін және қосылған құн салығы төлейтін кәсіпкерлер саны 28%-ға артқан", – дейді ол.
Үкімет өкілінің айтуынша, жүргізіліп жатқан өзгерістер азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығып, қызметін заңды түрде жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр.
"2026 жылдың тоғыз айында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режиміне 981 мың адам тіркелген. Олардың 807 мыңы бұрын-соңды салық есебінде болмаған.
Осы кезеңде Қазақстанда 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеуге алынған. Оның ішінде:
34,7 мыңы – заңды тұлға;
242,3 мыңы – жеке кәсіпкер.Сонымен бірге есепті кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер салық есебінен шығарылған", – деп толықтырды.
Алайда Серік Жұманғарин жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығу әрдайым экономикалық қызметтің толық тоқтағанын білдірмейтінін атап өтті.
Мәселен, қызметін тоқтатқан 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған. Ал 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге ауысып, жұмысын жалғастырған.
Салық режимдерінің өзгеруі нені білдіреді?
Министрдің пікірінше, бұл көрсеткіштер кәсіпкерлік құрылымында өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді. Бірқатар кәсіпкер бұрынғы мәртебесін тоқтатқанымен, қызметін басқа салық режимі арқылы жалғастырып отыр.
Осылайша, салық реформасы мемлекеттік бюджеттің кірісін арттырумен қатар, кәсіпкерлердің өз қызметіне сәйкес келетін салық режимін таңдауына ықпал етуде.
Негізгі көрсеткіштер:
- 19,3 триллион теңге – 2026 жылдың тоғыз айындағы мемлекеттік бюджеттің салық түсімдері;
- 3 триллион теңге – салық түсімдерінің өсімі;
- 37,3% – қосымша құн салығының түсімдерінің өсуі;
- 3,2 миллион – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегендегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны;
- 981 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне тіркелген азаматтар саны.
Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. 20 қаңтар күні өткен Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында президент Тоқаев көптің сынына қалған жаңа Салық кодексіне өзгеріс енгізуді тапсырған еді.